Мұғалім 16 жыл бойы еңбекке жарамсыздық демалысында отырып, жалақы алып келген
Фото: Gettyimages.ru
Германияда мұғалім 16 жыл бойы үздіксіз еңбекке жарамсыздық демалысында отырып, мемлекеттен шамамен бір миллион еуро жалақы алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дуйсбургтегі мектепте сабақ берген ұстаз 2009 жылдан бері үйінде болғанымен, өңірлік заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер ретінде ай сайынғы жалақысын алып келген. Оның табысы салық ұсталғанға дейін 5 051-6 174 еуро аралығында болған. Жыл сайын ол жеке дәрігерлерден жаңа анықтама алып, ауру демалысын ұзартқан. Құжаттарда нақты диагноз көрсетілмеген, бірақ психиатриялық сырқат екені белгілі.
2024 жылдың сәуірінде оған мемлекеттік дәрігерге тексерілуге бұйрық берілген, алайда ол бас тартып, бірнеше рет шағымданғанымен, барлығын сот қабылдамаған.
Жоғарғы сот шешімінде жұмыс беруші мен қоғамның заңды мүддесі бар екені айтылды: мемлекеттік қызметті тек денсаулығы мықты әрі міндетін атқара алатын адамдар ғана орындауға тиіс. Ал еңбекке жарамды шенеуніктер үйде отырып толық жалақы алуға тиіс емес.
Соттың соңғы шешімі бойынша мұғалім міндетті түрде мемлекеттік дәрігерге қаралуы керек. Егер ол жұмысқа жарамды деп танылса, мектепке қайта оралады. Ал егер сырқаты жазылмайтын болса, мемлекеттік зейнетке шығарылады. Бұл жағдайда оның табысы қазіргі жалақыдан азаяды, бірақ ол бәрібір салық төлеуге міндетті болады.
Мұғалім бұл шешімге қарсы шығып, 16 жыл бойы мемлекеттік дәрігерсіз-ақ толық жалақы алып келгенін айтып, тексерілу талаптарын түсінбейтінін жеткізген. Дегенмен, Жоғарғы сот оның соңғы апелляциясын да қанағаттандырмай, медициналық тексеруден өтуін міндеттеді.
Оқушыны есікті қатты қаққаны үшін ұрған: Шымкентте мұғалім 25 тәулікке қамалды
Демалыс күні жұмысқа шақырса, бармауға құқығыңыз бар ма? Заңгер түсіндіріп берді
Еске салайық, бұған дейін декреттік демалысқа шыққан қазақстандық ер адам сот арқылы төлемдерін қайтарып алғаны туралы жазған едік. Ер адамның әйелі әлеуметтік төлемдерге тіркелмегендіктен, бала күтімі бойынша ақысыз демалысқа шыққан ер адам табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындауды сұраған. Қор төлемді бала туған күніне дейінгі табыс жоғалуы жоқ деген себеппен бермеген. Сот талапкердің құқығын қорғап, оған 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс алған күннен бастап әлеуметтік төлем алуға құқылы деген шешім шығарды. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
