Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мьянмада жер сілкінісіне байланысты ұлттық аза тұту жарияланды

Мьянмада жер сілкіністері кезіндегі адам шығынына байланысты жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Осы күндері ел бойынша қаза тапқандарды еске алу белгісі ретінде мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: AP/Myo Kyaw Soe

Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлайн жер сілкінісі салдарынан 1700-ден астам адамның қаза болуына байланысты бір апталық ұлттық аза тұту жариялады.

“Қаза тапқандарды еске алу және одан келген зардаптарға байланысты 2025 жылғы 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында жеті күндік ұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл күндері мемлекеттік ту төмен түсірілуі керек”, – деді Мин Аун Хлайн өз мәлімдемесінде.

30 наурыз күні қытайлық Синьхуа ақпарат агенттігі билікке сілтеме жасап, Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны шамамен 1,7 мыңға дейін өскенін, 3,4 мың адам жарақат алып, тағы 300-дей адам із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады.



Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады. 29 наурыз күні елде магнитудасы 5,1 балдық тағы бір жер сілкінісі болды.

Талқылау