Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мысыққа зияны жоқ адам": Шымкентте 18 жастағы қыздың өліміне күдікті ер адамның көршілері пікір білдірді

Шымкентте жоғалған 18 жастағы бойжеткеннің денесі өзі тұрып жатқан үйдің жертөлесінен табылды. Оны өлтірді деген күдікке студент қыздың туған жездесі ілініп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

фото: Шымкент қаласы ПД

Түркістаннан Шымкентке келіп оқып жатқан Аида Әбілдә туған әпкесінің үйінде тұрыпты. 4 тамызда үйінен шығып қайта оралмаған соң, ертесіне іздеу жарияланған. Үш күннен кейін туыстары оның мәйітін өзі тұрып жатқан үйдің жертөлесінен тапқан. Полицияның мәліметінше, денесінде зорлық белгілері бар мүрдені төсек жаймасына орап тастаған. 18 жастағы балдызын азаптап өлтірді деген күдікке ілінген 20 жастағы жездесі туралы көршілері жақсы пікірде.

"Мен Азаматты бала күнінен білемін. Ол адам өлтірмек түгілі, мысыққа зияны жоқ адам. Былтыр ғана үйленген, төрт-бес айлық баласы бар, үнемі жұмыста болатын. Оның омыртқасы ауыратын, яғни ауыр көтермейтін. Ол қалайша адам өлтіреді? Ал балдызы былтырдан бері үйінде жүрді. Бір ұрысқанын естімегенбіз. Біз Азаматтың азғындыққа барды дегеніне сенбейміз", - дейді күдіктінің көршісі Наталья Япаева.

"ҚР ҚК 99-бабы, "кісі өлтіру" бабымен тіркеліп, барлық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті изоляторға қамалды",- деп хабарлады Шымкент ПД тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Батырбек Мырзагелдиев.
 

Талқылау