"Мүлде қарсы болдым": Нұрсұлтан Назарбаев Астананың атауының өзгеруіне қатысты пікірін айтты
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нұрсұлтан Назарбаев фильмдегі сұхбатында үлкен саясатқа қарағанда жеке өмірі мен жеке көзқарасы жайында көбірек тоқталды.
"Президент лауазымында болған кезімде мен мұндайға мүлде қарсы болдым, тыйым салып отырдым. Тәуелсіздік мерекесі немесе менің туған күнім келген сайын менің есіміммен қандай да бір көшені немесе мектепті атау туралы ұсыныстар түсіп жататын. Бірақ ойлап қарасаңыз, өзім оқыған Абай атындағы мектепке өз атыңды беруге келісу деген мүлде дұрыс емес қой!? Мен ондайға тыйым салып отырдым. Оны білесіздер. Келісімімді берген бірден-бір жағдай – ол университет", - деген Нұрсұлтан Назарбаев елордада іргелі жоғары оқу орнын ашу идеясының авторы өзі екенін айтты.
Елбасының айтуынша, басқа жағдайлардың бәрі де өз мақұлдауынсыз шешіліп жатыр.
- "Құдай ешкімнің басына осындай азапты салмасын": Елбасы жылдар бойы мазалаған жан азабын айтты
- Назарбаев: Өзіме қатты ұқсайтын немеремнен айырылдым
"Тәуелсіздікке 25 жыл толған кезде де парламент елорданы Нұр-Сұлтан деп атау туралы бастама көтерген болатын. Бұрын қала Ақмола деп аталған. Астананы халықаралық деңгейде таныстыру міндеті тұр еді. Қонақтарды шақырдық. Ақмола деп атау турасында да әртүрлі пікір болғандықтан, ойыма елорданы Астана деп атау туралы идея келді. Бұл – жаңашылдық емес. Мысалы Бейжің деген сөз де Солтүстік Астана дегенді білдіреді. Сондай мысал көп. Астана деген атау жақсы сіңісіп, адамдар да, әлем де үйренді", - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданың атауын өзгерту бастамасын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтергенін еске салды.
"Аз дегенде Нұр-Астана, көп дегенде Нұр-Сұлтан деп атау ұсынылды. Кезінде сол жағалауға қарап отырғанда көз алдымда алып дала жататын. Ештеңе жоқ еді. Қазіргі ЭКСПО тұрған жерде картоп пен орамжапырақ өсетін еді. Ал қазір ол қандай ғажайып қалаға айналды. Сұхбат беріп отырған сәтті пайдаланып, тағы да басшылардан, қазақстандықтардан сұрайтыным, ондайға әуестенудің қажеті жоқ. Мұның түк керегі жоқ. Тірі кезінде ескерткіш орнату деген сөз – өлгеннен кейін ұрпақ сені есінде сақтап қалатынына сенбеу дер едім. Сондықтан мұндайға әуестенудің қажеті жоқ деп өтінемін. Керісінше біз қазір тарихи атауларды қайтарып жатырмыз", - деді елбасы.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
