Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхамеджан Тазабек: Махаббатты “ақ некемен” шатастырып жүрміз

Өскемен қаласына ат басын бұрған Мұхамеджан Тазабек С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жалынды жастарымен жүздесіп, тәлім мен тәрбиелік сұхбатқа бағытталған кеш өткізді.

Мұхамеджан Тазабек

Қазіргі жас буынның рухани мәселелерінде ең өзекті деп нені айтар едіңіз?

– Мен жастардың алға мақсат қоюдағы, осы өмірдегі орнын табуда жіберетін қателіктері, сондай-ақ, отбасын құруға бейімсіздік және сол үлкен жауапкершілікті алуға дайындықтың жоқтығын айтар едім. Сонымен қатар, ұлттық тәрбиенің ақсап тұрғаны, кездесуі мүмкін кедергілерге жастар иммунитетінің дер кезінде қалыптаспауы тағы бар. Осы жайлардан көптеген үлкен мәселелер туындайды. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Адамның жас кезі пайдалы әрі мазмұнды дүниелерге толы болса, болашақтағы бақытына тұғыр болмақ.

– Біздің қоғамға бүгінгі күні қандай тұлғалар жетіспейді?

– Аузының дуасы бар ақсақалды аңсаймыз, айтары бар абыздарды аңсаймыз. Абыз, ақсақал аспаннан жаумайды. Қазына қария да қалыптасумен пайда болады. Сондықтан бозбала, бойжеткен шағын ізгілікке, тәрбиеге, еңбекке, білімге толтырмаған адам ел ағасы бола алмайды. Жас кезін бекер өткізбеген жасөспірім уақыт жылжып, тәжірибе жинақтай келе жұртты аузына қаратқан, ісімен үлгі болған толымды тұлғаға айналады. Тегі, тәрбиесі, білімі, ортасы, алған жары келісті болса, кемеңгерге айналады. Сондықтан, күш-қуат орнында, ақыл шуақты болатын кезді бекерге өткізуге болмайды.

– Жастар арасында моральдық жағынан емес, материалдық жағынан өзара бәйге, жарысу кезеңі болып жатыр. Бұған не дейсіз?

– Жастық деген – максимализмге, әсершілдікке толы кез. Сондықтан бұл жерде “насихаттамасаң насихатталасың” деген сияқты, жастарды кім бірінші жетектесе, солардың ықпалында кетеді. Қазір технологияның қарыштап дамып, алпауыт мемлекеттердің көптеген жүйелері адамның рухани тетіктерін басқарып тұрған уақыт. Біз өз жастарымызға ие болып, олардың бағыт-бағдарын, нені құндылық деп ескеру керек екенін уақытында насихаттап, жол көрсете алмасақ, оларға басқа мәдениеттердің ықпалы,  иықты елдердің идеологиясы өтіп кетеді. Сол себепті жастар керексіз, болымсыз нәрселердің соңына түсіп жарысып, уақыттарын өткізеді. Күндер, жылдар өткеннен кейін өкінеді, бірақ ол кезде өкінгеннен пайда болмауы мүмкін. Соның ең үлкені – уақытында отбасын құрмау, өз мойнынан ешқандай жауапкершілікті жүктегісі келмеу, ар-ұят, адамгершілік ұғымын аяқ асты қылу.  – Сезімдерін бұрынғыдай шынайы махаббатқа толы көзқарас, ықыласпен емес, “смайликпен” жеткізіп  жүрген жастардың бүгінгі махаббатына көңіліңіз тола ма?

– Ешкім махаббатты жоққа шығармайды. Махаббат бар. Керек. Абай атамыздың да “Махаббатсыз дүние бос..” деп жырлайтыны сол ғой. Жұптасқан жан-жануар, көктемде ұрықтанып жатқан тал-теректің арасында да біз тілін түсініп, ұғына бермейтін махаббат бар. Ал осы жаратылыстың ішінде жауапкершілік жүктеп, ақыл мен сана берген адамзат тәтті махаббатты жиіркенішті жағдайға түсірді. Бүгінгі жастардың махаббаты – екеуара сезім ағыны қарқындап аққан Қара Ертіс өзенінің жағалауын үңгіп жеп, арнасын кеңейтіп, төңірегін кеміріп бара жатқан үлкен ағынға ұқсап, күрделі мәселеге айналып бара жатыр. Өзімнің өмірлік тәжірибемнен, білгірлердің  еңбектерінен түйіп, ұғынғаным ер мен әйел арасындағы махаббат екі деңгейден тұрады. Бірінші – ақ некеге дейінгі ақ ұлпа сезім, мамық маxаббат. Ол өте тәтті, сығылған шырын сияқты ерекше. Әрі адамды ақылынан адастыратындай әсерлі болады. Көзді байлап, көңілді шаттыққа бөлейді. Бірақ сізге сол ғашық адамыңыз жайлы анық ақпарат алуға, тұлғаны толық тануға мүмкіндік бермейді және танытпайды да.  Кісіні жақыннан білетін жанашыр адамдар араласпай, біреу жайында шынайы ақпарат білуіміз қиын. Себебі бір шаңырақтың ғұмырын кешпейінше адамдар бір-біріне сырын толық ашпайды. Ақ ұлпа сезім мен жарқ еткен махаббатты тек үйленуге деген құштарлыққа, болашақта ұрпақ сүюге деген үлкен жоспардың алдындағы тиек, көңілдерге көпір деп алуға болады. Бірақ ол жалғаса беретін, үзілмей үлкейе беретін дүние емес. Араласу мен ардан аттаудың арасы өте жақын.

– Ал екінші кезең?

– Екінші кезең – ақ некеден кейінгі кезең. Бір-біріңмен үйлесе өмір сүріп, қыр-сырыңды түсініп, ауыртпашылық пен жақсылыққа қатар куә бола жүріп дамитын махаббат. Иә, ол ақ ұлпа махаббаттан бастау алады. Арықпен келген су егістікті қалай ылғалдандырып, нәр беретін болса, үйленгеннен кейінгі махаббат та сондай құнарлы, қайырлы, берекелі дүние. Өкінішке орай, біз осы 2 деңгейді шатастырып алдық. Қазіргі жастар адамға әсер беретін ақ ұлпа махаббатқа ғана арқа сүйеп, романтикадан шыға алмай, сезімге ғана сенім артып, отбасын құрмай жатып “оңаша” қарым-қатынас орнатып үлгереді. Осылайша шаңырақ құрып, некелесіп, негізгі қызық басталатын кезде бір-бірінен жалығу орын алады. Ал ол кезде отбасын сақтап, тату өмірді жалғастырып, ортақ өмірден құндылық іздеу үшін үлкен ақыл, тәжірибе және үлкендердің қамқорлығы керек. Ол табыла берсін бе? Сондықтан көптеген шаңырақтың шайқалып, күйреуінің негізгі себебі – сол алдамшы сезімді бірінші орынға қою, соған басымдылық беріп, шынайы өмір басталғанша ортақ маxаббаттың шырыны таусылып, шырайы солғындауы…

– Текті ұрпақты дүниеге әкеліп, дәстүрді қанып ішкен ата-әжелеріміз бұрын отбасын қалай құрып еді? – Иә, оларда да ақ ұлпа махаббат болды. Бірақ ол былғанбай, ар тазалығының үстінде құрылған еді. Кейбір есіктерді ашып, құпия дүниелерге құрық салмаған еді. Ал көптеген қызықтар мен қылықтар, сарқылмайтын сағыныштар, бөлек шәй іше алмайтын ішкі байланыстар мен жүректің жіптері некеден кейін бастау алған. Араларын өлім ғана ажыратқан олардың басын үлкен махаббат біріктірді. Осыдан ұрпақ тазалығы сақталып, ұлы тұлғалар мен текті ұрпақ дүниеге келген еді.

– Ал бүгінгі жастардың осындай халге түсуінің себебі неде?

– Кеңес Одағы кезінде өнердің барлық саласы – кино, әдебиет, мәдениет болсын, барлығы шырын сезімдер мен мауыққан махаббатты насихаттауға жұмыс істеді. Ар тазалығы, сенім беріктігі, неке берекесі тасада қалды. Оның бәрі мың жылдық ұлттық салт-дәстүр, тәрбиенің әлсіреуіне әкеп соқты. Бүгінгі нәтижесі мынау – кіндігін ашқан қыз, сырға таққан ұл, ит жетектеген әже, аузының дуасы ата… Ештен кеш жақсы. Әлі де таза қарым-қатынастарды насихаттауымыз керек. Сол жолда үлес қосуымыз керек.

– Жапондықтар “сәби анасының құрсағында жатқан кезден бастап баланың тәрбиесімен айналысу керек” деп айтады екен. Баланың тәрбиесіне қай кезеңнен бастап кіріскен дұрыс?

– Баланың бақытты-бақытсыз болуының бастауында оның шешесін іздеудегі ниет жатыр. Яғни, балаңыздың тəрбиесі оның шешесін іздеген күннен басталады. Сіз болашақ жарыңызды қандай ниетпен іздейсіз? Жəй ғана уақыт өткізейін, қасымда төмен етекті, ұзын шашты жүрсін деп пе, əлде нəпсіңіздің (шəһуат) қалауымен қызбен кездесіп, істің ақыры насырға шауып, амалсыз үйленесіз бе? Қандай мақсатпен отау құрмақшысыз? Әлде, “жалғыздық Құдайға ғана жарасқан” деп жұбыңызды іздейсіз бе? Ұрпақ көбейтіп, отбасын құрмаққа бел байлайсыз ба? Соны айқындау керек. Біз егіс егетін болсақ та дән тастайтын алқапты іздеп, зерттеп, құнарын қараймыз. Отбасынан өрбіген ұрпақ дамуы да осы сияқты. Сол жарыңызды іздеген ниет екеуіңіздің араңызды берекеге толтырады. Ал сол береке баланың текті болуына тікелей əсер етеді. Əкенің балаларына жасаған ең үлкен жақсылығы – оларға жақсы ана таңдап беруінде…

– Бойында Бекежанның да қасиеті, мінезі жоқ жігіттер Қыз Жібекті армандайтыны несі?

– Қыз баланың ары аяқ асты болуы – ер-азаматтарға сын. Жігіттер жігерсіз, жүгенсіз, әлсіз болып, құндылыққа деген көзқарасы төмендеген сайын қыздарымыз да төмендей берері хақ. Кеңестік кезең ер-азаматтарымыздың тұлғалық қасиетін жаншыған кезең болды. Ақсақал, қария, лидерлік қасиеті бар тұлғаны қалыптастырған жоқ, керісінше, текті, ұлттық кодты үзуге жұмыс істеген қоғам болды. Оның ішінде, әсіресе, ер-азаматтарды езіп, отбасылық құндылықтардан гөрі карьералық өрлеулерді көңілге жұбаныш қылды. Ал ғасырлар бойы ер-азаматына арқа сүйеп, бойдағы нәзіктігімен мықтылығын дәлелдейтін қыздар қауымына жасанды үстемдік берді. Соның арқасында әйелдер қауымы жорғасынан жаңылып, еркектің абыройы есіктің аузында қалды. Осының әсерінен көптеген отбасылар күйреп, шаңырақтар шайқалды. Жалғыз басты аналар көбейіп, ұлдарымыз “белдіксіз” тәрбиеленді. Еркектің тәрбиесінен ғана алатын витаминдер ұлдардың тұлғасында жетіспей тұратын болды. Ананың мейірімі мен кешіріміне ғана малынып өскен ұлдар мінезді бойжеткендендерді үйіріп алып кетпек түгілі, тізгініне қол жеткізе алмай қалды. Арқа сүйер азаматына айналып, қамкөңіл асыраушысы болмақ түгілі қара басын алып жүре алмайтын, боркемік, босбелбеу ұлдар көбейді. Бұл да қоғамның, бүтін бір ұлттың қасіреті. Бірақ ауызды қу шөппен сүрте бермей, әлі де тәлім-тәрбие арқылы, үздіксіз жасалған үлгілі амалдар арқылы жоғымызды түгендеуге болады. Ұлттық кодты оятып, тарихи жадымызды жаңғыртып, қандағы тектілікті қайтару арқылы, бірден болмаса да, бірте-бірте қалыпқа келтіруге болады. Сол жолда барлығымыз жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Әрекетке берекет деген бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Асыл арна

Тағы да оқыңыз:

Оққағарларың халықты итермесін: Тыңдарманы Қанат Үмбетовке өз орныңды біл деп ұрысып тастады

Тоқтар Әубәкіров өзгепланеталықтарды өз көзімен көргенін айтты

Тележурналист “Әміре” фильміне қатысты: 15-25 жастағы ақылы аз жанкүйерлер үшін кино түсіргенді қою керек қой

Талқылау