Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лас ауаның кесірінен үш рет ауруханаға жатқызды": Алматылық 8 жасар қыз өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, Тоқаевтан көмек сұрады (видео)

Алматылық балалар өздеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Олар мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтан мегаполистің ауасы жыл сайын ластанып бара жатқанын жеткізіп, көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин, gov.kz

8 жастағы алматылық Арина Орлова мемлекет басшысынан көмек сұрады. Ол қала ауасының ластануы салдарынан ауруханаға жатып, емделгенін айтты. 

“Алматының ауасы өте лас. Көп балалар ауырып жатыр. Тіпті құрбыларым да мен сияқты ауырды. Өткен жылы үш рет ауруханада жатып емделдім. Дәрігерлер демікпе қаупі барын айтты. Президент мырза, бізге көмектесіңізші”, – деді ол. 

Алматы ешқашан балалар үшін дәл қазіргідей қауіпті болған емес

Сондай-ақ нутрициолог Альмира Орлова балалардың 60%-дан астамы аллергиядан зардап шексе, жартысынан көбі демікпенің даму қаупіне ұшырап жатқанын сөз етті. 

"Жұқпалы аурудан кейінгі мүгедектік деңгейі жыл сайын 7% артады. Алматыда 500 мыңнан астам бала тұрады. Ал олардың барлығы – ықтимал мүгедектігі барлар. Ұзақ жылдар бойы бүкіл қала ластанып, тұрғындар дұрыс тыныс ала алмай келеді. Талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе шегіне жетті деп ойлаймын. Қала әкімдігі әр күні түнде пиротехникалық заттарды қолдануға және ауаны одан әрі ластауға рұқсат береді. Жұқпалы аурулар емханасы лық толы. Бүкіл тау бөктерінде құрылыс cалынып жатыр. Балалармен сыртта жүріп тынығуға жағдай жасалмаған. Алматы кейінгі 5 жылдағыдай ешқашан балалар үшін қауіпті болған емес", – деді нутрициолог.

Сондай-ақ ол президентке балалардың өмір сүру құқығы бұзылып жатқанын айтып, көмек сұрады. 

"Президент мырза, балалардың денсаулығы Конституциямен қорғалады. Дегенмен олардың өмір сүру құқығы бұзылып жатыр. Бізге көмектесіңіз! Мына түрімізбен дені сау ұрпақ өсіре алмаймыз. Науқас балаларымыз бірнеше жылдан кейін қандай адамды дүниеге әкеледі? Барлық ата-ананың атынан Алматы қаласының әкімдігі Алматы балаларының өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіріп жатқанын ресми түрде мәлімдеймін", – деді Орлова. 

Маманның пікірін желі қолданушылары да қолдады. Олар қала билігінен Алматы қаласының ауасын тазартуға әрекет етуді талап етті. 

"Неліктен құзырлы органдар белсенді әрекет етпейді. Неге ауаны тазарту үшін бірдеңе жасамайды", "Алматы қаласында ауаның ластану деңгейі нормадан асып түседі. Таза ауа – адамның денсаулығы мен өмір сүру сапасының маңызды бөлігі, негізгі қажеттілік", "Алматы ғана емес, Қарағандыда да жағдай осы. Балаларымыз тыныс алудың қаншалықты қиын екенін, ауыздағы біртүрлі дәм немесе ауадағы шаңға ұқсас нәрсені байқай бастады. Бұл – шынымен қорқынышты жағдай" – деп жазды олар. 

Демікпемен ауыратын балалардың саны артқан

Педиатр Алтынай Хедербекқызының айтуынша, кейінгі жылдары педиатрия саласында демікпемен ауыратын балалардың саны артқан. 

"Ауадағы зиян заттардың мутагенді әсері де бар, яғни ауыр бөлшектердің көбеюіне байланысты вирустар мутацияға ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ патогендердің жаңа субтиптері пайда болуы ықтималдығы жоғары. Вирустық инфекцияның агрессивті немесе ұзақ ағымы болады. Сонымен қатар иммун жүйесінің әлсіздігі, ауадағы токсиндер арқылы тыныс алу жүйесінің шырышты қабығын тітіркендіреді. Кейінгі жылдары педиатрияда бронх демікпесі, аллергиялық ринит, тері ауруларымен ауыратын балалардың саны көбейе бастаған. Ең көп зардап шегетіндер – ауасы лас өңірде тұратын балалар", – дейді маман. 

Сондай-ақ маман дәрігер, ана және осы қаланың тұрғыны ретінде қаладағы ауаның сапасы өзін де қатты алаңдататынын жеткізді. Айтуынша, мұндай экологиялық жағдайда, әсіресе, халқы ең көп қалада дені сау, саналы ұлт өсіру қиын дейді. 

“Ағазаға таза ауа қажет. Өкінішке қарай, қаламызда ауа сапасы жылдан жылға нашарлап барады. Оны дәлелдеу үшін ауа сапасының қандай да бір көрсеткішін мысалға келтірудің қажеті жоқ. Оны тұрғындар анық сезеді. Қала күн сайын түтінге батып бара жатыр. Мұның салдары неге әкелуі мүмкін? Әрине, әуелі бронх-өкпе жүйесі көп зардап шегеді. Біздің өкпеміз тәулігіне 7200 литр ауа өткізеді. Ауадағы зиян қоспалардың барлық бөлінген микробөлшектері тікелей өкпе альвеолаларына енеді. Ал альвеола – өкпенің өлшем бірлігі. Онда газ алмасу жүреді. Біз ауадағы зиян бөлшектерді тікелей тыныс алу арқылы жұтамыз. Олар екінші кезекте жүйке жүйесіне зиян келтіреді. Өйткені біздің нейрондар ауыр металдарға өте сезімтал", – дейді педиатр. 

Альвеола – тыныс алатын оттегін алатын және денеңіздің жұмысын қамтамасыз ететін өкпеңіздегі кішкентай ауа қапшықтары.

Маманның айтуынша, адамның ағзасы күн сайын лас ауамен күресіп, энергияны көп жұмсайды. Мұның соңы шаршауға, өнімділіктің төмендеуіне, ұйқысыздық пен көп ашулануға әкеледі.

"Жүрек-қантамыр жүйесі де зардап шегеді. Өйткені бұл токсиндердің барлығы қанда айналып жүреді. Олар тіпті өздерін тазартуға уақыт таппай, канцерогендердің, формальдегидтің, азот оксидінің және басқа да зиян бөлшектердің жаңа бөлігін алады. Бұл бөлшектердің барлығы денсаулыққа зиян ғана емес, канцерогендік әсерге ие, яғни қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы артады. Бәріміз рак клеткаларының тасымалдаушысы саналамыз. Бірақ олар тек триггерлер пайда болған кезде агрессивті түрде көбейе бастайды. Сонымен қатар лас ауадан иммун жүйеcі де зардап шегеді. Өйткені иммун жүйесінің жақсы жұмыс істеуі үшін энергия қоры қажет. Егер ағзамыз зиян заттармен күнделікті алысса, энергия қоры қалай пайда болады?" – дейді маман. 

Еске сала кетсек, 13 ақпанда  Жетісу ауданының халқымен кездесуде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ауаның сапасын жақсарту үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. 

"Уәде бере алмаймын, барынша жұмыс істеуге тырысамын. Алматыда көп жылдан бері шешілмей келе жатқан дұрыс салынбаған құрылыс, тұрғын үй құрылысының шамадан тыс дамуы, көліктердің көбеюі, көлік инфрақұрылымының дамымауы сынды мәселелер бар. 2025 жылы біздің бірінші міндетіміз – Жылу электр орталығын жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтау. Ал келесі жылы оны толығымен аяқтаймыз. Бұл шығарындыларды 90% қысқартуға мүмкіндік береді", – деді әкім. 

Әкімнің сөзінше, екінші міндет – көлік инфрақұрылымын дамыту.

"Жыл соңына дейін Райымбек, Желтоқсан бойындағы BRT желісін аяқтаймыз. Сонымен қатар электробустар сатып алып жатырмыз. 2026 жылдың соңына қарай экологиялық таза көлік болады. 2026-2027 жылдары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына жол төсеу аяқталса, солтүстік аудандардағы жүк жеңілдейді деп отырмыз. Мен де, балаларым да сіздер секілді осы ауамен тыныстап отыр. Сондықтан  экологиялық жағдайды жақсарту басты міндетіміз", – деді әкім. 

Досаев қаланың тұрғындары секілді өзі де экологиялық жағдайға қатты алаңдайтынын жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасы ауаның сапасына байланысты аллергияның көбейгенін айтқан кезде уайымдап қалдым дейді әкім. 

Айта кетейік, швейцариялық IQAir компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес, Алматы әлемдегі ауасы лас қалалар рейтингінде 1-орынға шықты. Қалада ауаның ластану индексі 208 балға жеткен. Бұл "өте зиян" деп бағаланады.

Талқылау