Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлік 16 метрге дейін сүйреді: Мүгедек болып қалған әйел кінәлі жүргізушінің тайраңдап жүргенін айтты

Алматы қаласының тұрғыны жаяулар өткелінде өзін қағып кеткен жүргізушіні жауапқа тартуды талап етуде. Жол-көлік апатынан кейін келіншекке үш бірдей ота жасалып, салдарынан мүгедек болып қалған. Алайда кінәлі адам әлі күнге тайраңдап жүр екен. Жәбірленушінің туыстары полицейлер істі бұрмалап,  жүргізуші жауапкершіліктен құтылып кете ма деп алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

жол апаты

"Күн сайын денем қатты ауырады. Ауа райы қатты өзгеріп барады. Мүлдем ұйықтамаймын десем болады", - дейді жәбірленуші. 

Жол-көлік апатынан алған ауыр дене жарақаттары салдарынан Сахинұр Құдақұлова мүгедек болып қалған. Төсекке таңылғанына 11 айдың жүзі болыпты. Жантүршігерлік жол-көлік апаты жыл басында ұшырапты.

"Кешкі сегіздер шамасында жұмыстан шығып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақпен жолдан өтіп бара жатқанмын. Барлық көлік тоқтап жол берді. Мен жолдың ортасына жеткенмін. Дәл осы кезде осы көлік маған қарау заулап келді. Мен әдейі ме, жоқ жаяу адамды байқамай тұр ма деп ойладым. Сәлден соң не болғаны есімде жоқ, адам қақты деген дауысты ғана естідім", - деді зардап шегуші Сахинұр Құдақұлова.

Сахинұр есін жансақтау бөлімінде ғана жиған. Туыстарына куәгерлер көлік оны 16 метрге дейін сүйреп барғанын жеткізген. Жүргізуші ауруханаға алғашқы күндері ғана келіпті. Өз кінәсін мойындап, қаржылай көмек беретінін айтыпты.

"Ол маған тәте: "Мен сізді көрмей қалдым, намаздан келе жатырмын" деп түсіндірді. Маған көлігімді айып тұрағынан шығаруға көмектесіңізші, ақшаны айыппұлға төлегенше сіздің еміңізге көмектесейін деді. Көлігін алуға рұқсат бергенім сол екен. Одан бері оны көрген емеспін", - деді зардап шегуші Сахинұр Құдақұлова. 

Туыстарының айтуынша, жүргізушінің анасы мен әпкесі ауруханаға келіп, дәрі-дәрмегін алуға көмектесіп тұрған. Бірақ, кейін доқ көрсете бастапты.

"Оның анасы бастапқыда сыпайы әңгімелескен. Кейіннен келіп тірі қалғаның үшін Аллаға рахмет айт, сенің кесіріңнен ұлымыз шок алып, мешіттен шықпайтын болды. Сау адамды осындай күйге жеткіздің деп айтты", - дейді зардап шегушінің қызы Махиряр Нұрахунова. 

Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де кінәлі жүргізуші жауапқа тартылмаған. Жақындарының айтуынша, тергеуші жол-көлік апатының сызбасын жүргізушінің айтуы бойынша жасаған. Онда автокөлік сағатына 45 шақырыммен келе жатқаны, ал келіншек болса рұқсат етілмеген жерден жүгіріп шыққаны айтылыпты. Осылайша, зардап шегушінің өзін кінәлі етуге тырысыпты.

"Ол жерден 16 метр ғана жүру керек. Неге ересек адамды қарбалас сәтте қаптаған көлік нөпірі өтіп жатқан көшеге жүгіріп шығатын ақымақ санайды", - деді зардап шегушінің қызы Махиряр Нұраухунова. 

Бақ өкілдері араласқан соң, бұл істі облыстық полиция департаменті бақылауына алыпты.

"Тергеу амалдарымен Талғар аудандық полициясы айналысқан болатын бұған дейін. Қазіргі уақытта істі облыстық тергеу басқармасы өз өндірісіне алды. Іс бойынша үш рет сараптама жасалынды. Нақты айтатын болсақ, екі рет сот-медициналық сараптамасы тағайындалған болатын. Үшінші рет авто-техникалық сараптама жасалынды. Куәгерлердің сөздерінде қарама-қайшылық болғанына байланысты тергеу амалдары әлі де жалғасуда", - деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев. 

Жәбірленуші жол-апатына кінәлі тұлғаны жауапқа тарту қалайды. Қамауға алмаса да көлік жүргізу құқығынан айырса дейді. Сахинұрдың сол аяғына үш мәрте ота жасалған. Ел қатарлы жүру үшін әлі ұзақ емделуіне тура келеді.

Талқылау