Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мобилизация жарияланған соң Қазақстанға келген ресейліктер еліне қайтарыла ма – Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді

Фото: wz.de

Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев мобилизация жарияланған соң Қазақстанға келген ресейліктердің жаппай депортацияланып жатқаны туралы ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде Қазақстан мобилизация кезінде Ресейден қашқандарды қайтару туралы шешім қабылдады деген ақпарат тараған еді. Бұл ақпаратқа Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев жауап берді. 

Оның айтуынша, шетел азаматтарын еліне қайтару туралы шешім Қазақстан заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес қабылданады.

“Біз халықаралық міндеттемелерге сәйкес жұмыс істейміз. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқан азаматтарды еліне қайтару мәселесі тиісті ұлттық рәсімдерді сақтауды талап етеді. Ең алдымен адамға баспана іздеуші тұлға мәртебесі беріледі, содан кейін ғана тиісті органдар шешім қабылдайды”, – деді Ашықбаев.

Сонымен қатар ол азамат қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, оны сот тәртібімен даулау құқығына ие екенін айтты. 

“Егер азамат бұл шешіммен келіспесе, сотқа жүгінуге құқылы. Тек сот шешімінен кейін адамды шыққан еліне қайтару рәсімдері жүргізілуі мүмкін”, – деді вице-министр.

Журналистер Ресей билігі Қазақстанға қылмыстық қудалау немесе басқа себептермен азаматтарды беру туралы қанша сұрау жолдағанын сұрады.

“Менде қазір мұндай ақпарат жоқ. Оның үстіне, менде болады деп күтпейтін шығарсыздар. Мұндай сұраулар тиісті құзырлы мемлекеттік органдар арқылы жолданады”, – деді Ашықбаев.

Мобилизация қашан басталды?

2022 жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин әскердің бір бөлігін мобилизациялау (мемлекеттің қарулы күштерін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру) туралы қаулыға қол қойған еді. Осылайша 2022 жылы Қазақстанға 837 мың ресейлік кірген, олардың 780 мыңы Қазақстаннан шығып кеткен. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 18:44