Мобильді аударымдар садақаға, қайырымдылыққа, емге жиналатын қаржыға қалай әсер ететіні айтылды
Жеке тұлғалар кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы садақаға, қайырымдылыққа, емге жиналатын қаржыға қалай әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, мұндай қаржы кәсіпкерлік мақсатта жиналмағандықтан салық салынбайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bf-annamariya.ru
Жеке тұлғалар кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлының сөзінше, мұндай қаржы кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан ақша емес, сол себепті оларға салық салынбайды.
"Мысалы, әлдекім емге ақша жинаса, тиісінше соны дәлелдейтін құжаттар болады. Ол адамға (салық органдарынан) хабарлама түссе, сол дәлелдер бойынша түсінік береді", – деді сарапшы.
Жеке тұлғалар кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы елдегі кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару мақсатында мобильді аударымдарды көп пайдаланып кеткенін айтады. Соларды анықтап, кірістерінен салық төлеуді міндеттеу үшін енгізілді дейді. Сарапшы тағы дара кәсіпкер ретінде тіркелмегендерді тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылау жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, қандай да бір кісінің есепшотына ай сайын 100 немесе одан да көп адамнан үш ай қатарынан мобильді аударым түссе, сонда ғана назарға ілінеді. Сарапшы қаржы министрлігінен бұған байланысты 255 мың теңге шамасында шек қоюға ұсыныс берілді деді. Ерсайын Көптілеуұлы үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан түскен аударымның жалпы сомасы 255 мың теңгеден асса, бұл назарға ілінеді.
"Мұның негізгі мақсаты – өте төмен сомалар (мысалы, 100 теңгеден) қабылдайтын адамдарды бақылаудан алу. Кәсіпкерлік кодекс бойынша, 12 еселенген ең төменгі жалақыдан аспайтын пайда табатындар дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осы норманы аттап кетпеу мақсатында қаржы министрлігі осындай ұсыныс берген. Қазір 255 мың теңге деген норма күшінде емес, оны ұлттық банкпен талқылап жатыр", – деді сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысатын барлық жеке тұлға жазаланатынын жаздық. Айыппұл 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), бір жылда қайталап бұзу 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде. Қазақстанда мобильді аударым арқылы қанша кәсіпкердің салықтан жалтарғаны әзірге белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты банктерден 2025 жылы алатынын атап өтті.