Министр Ұлыбританияның санкциясына ұшыраған қазақстандық компанияларды "бір күндік" деп атады
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлыбританияның санкцияларына ұшыраған ЖШС-лардың тек бір күндік компания екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Министр компаниялардың ашылып, санкцияға ұшырап қайта жабылу арқылы табысты көздейтінін жеткізді.
"Менің есімде, алғашқы екі компания америкалық санкцияларға ұшырады. Олар – осындай мақсат үшін әдейі ашылатын бір күндік компаниялар. Біз тексере бастағанда, олардың іс жүзінде толыққанды экономикалық қызметі жоқ екенін көреміз. Олар ашылады да, қандай да бір келісімшарт жасасып, кейін іс жүзінде жоғалады", – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Ол санкцияларға жауапты Қазақстанның қаржы қызметтері осы компанияларды тіркеп, тізімге енгізгенін атап өтті.
"Олар тек пайда табуды көздейтін бірреттік компаниялар. Мұнымен күресу қиын, бірақ біз америкалық және еуропалық санкцияларды бақылау қызметтерімен келіскен шектеулерді сақтаймыз", – деп сендірді Байбазаров.
Нұрлан Байбазаров енді мұндай ЖШС-лар жұмыс істеген белгілі бір нарықты жоғалтатынын жеткізді. Басқа қазақстандық компанияларға олармен экспорттық және импорттық операциялар жасауға тыйым салынады.
Еске салсақ, Ұлыбритания Қазақстанның бірнеше компаниясына санкция салған еді.