Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Олимпиада ойындарында кімдерден медаль күтетінін айтты

Бүгін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы он күннен кейін басталатын қысқы Олимпиада ойындарына қандай спортшыларға үміт артатынын жеткізді.

© Sputnik / Александр Вильф

“Спортшылар жеңістен дәмелі, жоғары нәтиже көрсетініне сенімдімін. Спортта не болатынын болжай алмайсың, ол сонымен де қызық. Егер бәрін алдын ала білетін болсақ, осыншалық қызығушылық тудырмас еді”, — дейді министр үкімет отырысында.

Мұхамедиұлы Кореяда өтетін Олимпиада кімнен медаль күтетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik.

“Бізде жақсы нәтиже көрсеткен бірқатар спортшы бар. Олар: Галышева, Полторанин, Рейхард, Денис Тен”, — деді ведомство басшысы.

Журналистер министрден спортшыларымызға жанкүйер болу үшін Кореяға баратын-бармайтыны сұрады.

“Лауазымды тұлға ретінде Олимпиада ойындарының ашылуына қатысуға міндеттімін, бұл Халықаралық олимпиада комитетінің талабы. Бірақ мүмкіндікке қарай. Менен басқа қысқы ойындарға ұлттық олимпиада комитеті барады. Шенеуніктерден шамамен 5-6 адам баратын шығар”, — деді ол.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қысқы Олимпиадада бақ сынайтын спортшыларға жеңіс тіледі.

Бүгін үкімет отырысында Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы мәселесі қозғалды.

Қысқы Олимпиада ойындары 9 ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында басталады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, қазақстандық спорт делегациясы 9 спорт түрінен – биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, тау-шаңғы спорты, шаңғы жарысы, шана спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, могул бойынша қатысуды жоспарлап отыр.

Үкімет басшысы осы орайда әлемдік додада бақ сынайтын спортшыларымызға сәттілік тіледі.

“Ертерек айтып қойсақ (жеңеміз деп – ред. ескерт), көз тиіп, қалып қалармыз. Олимпиада ойындарының ашылуына бірнеше күн ғана қалды, бәріміз тағатсыздана күтеміз. Спортшыларымызға жеңіс тілейміз, медальдармен оралады деген үміттеміз”, — деді премьер-министр.

Айта кетсек, Ұлттық олимпиада комитеті министрлікпен бірлесіп спортшылардың допингті қолдануға жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаған.

Комитет бас хатшысы Әбілғазиннің айтуынша, Олимпиада командасының барлық кандидаты допинг тестінен өтті. Әр спортшыдан соңғы сынама қаңтар айының басында алынып, Дрезденнің допингке қарсы зертханасына жіберілген.

Талқылау