“Анасы емнен бас тартқан”: Денсаулық сақтау министрі лифтте балаға шабуыл жасаған жасөспірім туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада лифтте балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
“Жасөспірімнің анасы баланың дұрыс қаралмағаны туралы шағым түсірді. Алайда бұл фактілер расталмады, сот-медициналық сараптама жүргізілді. Оның үстіне баланың ауыр диагнозы бар. Бұл мәселе тек психикалық денсаулық орталығына ғана қатысты емес, жүйелік қателер де бар", – деді Ақмарал Әлназарова.
-
Адам басына түспеген соң түсінбейді – Астанадағы лифтте баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы
-
Астанадағы лифтте шабуылға ұшыраған бала қайтадан ауруханаға жатқызылмақ
Министрдің айтуынша, психикалық денсаулық орталықтарының жұмысына, халыққа стационарлық және амбулаториялық деңгейде көрсетілетін психологиялық көмектің сапасына талдау жүргізілген.
"Анасы бұл диагнозды қабылдағысы келмеді, емнен бас тартты. Баланың емінде үзілістер болғандықтан, асқынуларға әкелді. Қазір біз бұл мәселені кешенді түрде қарап жатырмыз, оның ішінде бүкіл жүйені жаңғырту және қамқоршылардың жауапкершілігін күшейту шаралары қарастырылып жатыр", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастағаны туралы жазған едік.
Астана полициясы шабуыл жасаған жасөспірімнің оқшауланатынын хабарлады. Кейін баланы психдиспансер қызметкері соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады.