Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат

Мамыр айының ортасында мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Павлодар облысында бір ғана "Қауіпсіз қала" ақпараттық жүйесін қолдауға 8,6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Депутат ақпараттық жүйеге жұмсалғалы отырған шығынға күмән келтірген. Stan.kz ақпарат агенттігі мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық әкімдікке сауал жолдады.
Өз сөзінде Перуашев IT саласындағы мамандармен кеңескенін, олар мұндай бюджетпен қалалық емес, республикалық шешім құруға болатынын айтқанын жеткізді.
"Қазақстандағы шығындарды халықаралық мысалдармен салыстыратын болсақ, мұндай шығындар нақты жетістіктерге сай келмейтіні айқын болады. Павлодарлық жобаға бюджеттен 17 миллион доллар жұмсалады. Ал қытайлық тапсырыс берушілер Deep Seek жаһандық жасанды интеллектіні әзірлеу үшін небәрі 6 миллион доллар жұмсаған немесе 3 есе арзанға түскен. Бұл стартап ЖИ нарығында ChatGPT-ді "ығыстырып", екі ай ішінде 1 млрд доллар капиталға айналды. Айырмашылығын сезініңіздер", – деген еді депутат.
Stan.kz редакциясы жолдаған сауалға Павлодар облысы әкімі аппараты басшысы міндетін атқарушы Наталья Нефедова жалпы құны 8,6 млрд теңге болатын жоба сервистік модель бойынша 3 жылға бөлінгенін (2025 – 1,7 млрд тенге, 2026 – 3,4 млрд тенге, 2027 – 3,5 млрд тенге) айтты.
"Биыл жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған "Қауіпсіз қала" ірі жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында 5 мың бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр: Павлодар қаласында 3 мың жалпы бейнебақылау камерасы; Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы 150 жол қиылысында автокөліктердің жылдамдығын өлшеу үшін арнайы жабдықталған аппараттық бағдарламалық кешендер; Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы желілік учаскелерде автокөліктердің жылдамдығын өлшеу үшін 250 арнайы жабдықталған аппараттық-бағдарламалық кешен; республикалық трассалардың аса апатты учаскелерiнде автокөліктердің жылдамдығын өлшеу үшін 20 арнайы жабдықталған аппараттық-бағдарламалық кешен", – делінген әкімдік жауабында.
Әкімдік өкілі Павлодар облысы қоғамдық орындарда рұқсат етілген жылдамдықты өлшеуге арналған кешендер мен камералар жоқ жалғыз өңір болып саналатынын және жыл сайын балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары артып бара жатқанын айтады.
"5 мың камера тек тәртіпті қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де қажет. Бекітілген жоспарға сәйкес 100% бейнебақылау камералары жедел әрекет ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылады", – дейді Нефедова.
Әкімдік мәліметінше, 5 мың аппараттық-бағдарламалық кешен мен камераларды сатып алу және монтаждау, қажетті инфрақұрылымды жүргізу, серверлік және желілік жабдықтарды орнату, іске қосу-реттеу жұмыстарын және 3 жылға толық сүйемелдеу жұмыстарын мердігер жүргізеді. Ал төлем жабдықты орнату және іске қосу-баптау бойынша барлық жұмыс жүргізілгеннен кейін аударылады.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды