"Кішкентай бөтелкеде 11 қасық қант бар": Танымал Maxi чай, Coca Cola, Fuse Tea сусындар құрамына маман талдау жасады
Фото: Жасанды интеллект
Жақында қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтың “Maxi чай” сусынын ел арасында коуч ретінде танымал кәсіпкер Ахметбек Нұрсила “халықты улап жатыр” деп сынға алған еді. Бизнесменнің сөзінше, Алагөзов адам денсаулығына зиян тауарды шығарып жүр. Осы ретте “Maxi чай” сусыны және басқа да тұтынушылардың сүйікті өнімдеріне айналған танымал шырындардың құрамына зер салып, ағзаға қалай әсер ететінін анықтап көрдік.
“Тұрсен сыра мен зиян шай шығару арқылы ұрпағыңды улап жатыр. Баян қыздарыңның санасын улап жатыр. Бұл – менің пікірім! 70 млрд теңге пайда тапса, жұмыскерлеріне дұрыс жалақы төлемеген, сол ақшаға халыққа зиян сусындар сатып улаған” – деп жазды ол.
Осы орайда бұл пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау үшін “Maxi чай” сусынының құрамына үңілдік.
“Maxi чай” сусынының құрамы мынадай:
- 1. Тазартылған су;
- 2. Қант (100 г өнімге 9,09 г);
- 3. Қара немесе жасыл шай сығындысы;
- 4. Лимон қышқылы;
- 5. Натрий цитраты, Е331;
- 6. Хош иістендіргіштер;
- 7. E459 тұрақтандырғышы;
- 8. E466 тұрақтандырғышы;
- 9. Сукралоза E995 тәттілендіргіші.
Тамақ өнеркәсібінің фармацевті Әбілмансұр Ким сусынның құрамындағы заттарды талдай отырып, оның ішінде ең қауіпті нәрсе қант екенін айтты.
“Сусынның құрамындағы қант мөлшері 100 граммға 9,09 граммнан келеді. Бұл дегеніміз – 0,5 бөтелкеде 11 шай қасық қант бар деген сөз. Мұндай мөлшерде күнде қант тұтыну семіздікке, қант диабетіне әкеледі. Сондай-ақ тіс жегісін бұзып, кариес тудырады, қабыну процестерін ушықтырады. Қанттың өте көп мөлшері жүйке жүйесін бұзып, ұйқысыздықты тудыруы мүмкін. Қантқа құмар адамдардың жүрегі тез соғады. Сондықтан тұтынылатын қант мөлшерін бақылау маңызды. Сонымен қатар ол қандағы холестерин деңгейін жоғарылатады, көмірсу алмасуын бұзуы мүмкін.”, – деді ол.
Алайда сусындағы кей заттардан қорқудың қажеті жоқ дейді.
“Су мен шай сығындысының еш зияны жоқ. Оның үстіне сығынды мөлшері 10-50 г ғана. Ал лимон қышқылы тіпті жемістердің құрамында кездесетіндіктен, ол қауіпсіз. Тек өте көп мөлшерде тұтынған кезде асқазанның шырышты қабығын тітіркендіруі мүмкін. Ал E331 немесе натрий цитраты – лимон қышқылының тұзы. Ол да қауіпсіз, десе де бүйрегі әлсіз адамдарға көп қолданбаған жөн”, – деді сарапшы.
Сөзінше, хош иістендіргіштер де аса зиян емес. Алайда белгілі бір хош иістендіргішке аллергиясы барлар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Маман тұрақтандырғыш пен тәттілендіргіштер ағзаға кері ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
“E459 (бета-циклодекстрин) тұрақтандырғышы өнімнің иісін сақтап тұруға көмектеседі. Сусынның құрамындағы мөлшері аса қауіп төндірмейді. Ал E466 тұрақтандырғышы сусынды қою етіп, өнімдердің балғындығын сақтау қасиеттеріне ие. Оны желатиннің арзан аналогы ретінде қолданады. Ол асқазан-ішек жолдарының жұмысына кері әсер етуі мүмкін”, – деді Ким.
Айтуынша, “Maxi чай”-ды бір рет немесе арасында ішу зиян келтірмейді. Бірақ тұрақты ішетіндердің қанындағы қант деңгейі артып, бүйрек, асқазан-ішек жолдарын тітіркендіру, ішек микрофлорасына теріс әсер етуі мүмкін.
Осы тұста сарапшымен басқа сусындардың да құрамын тексеріп, қаупін саралап көрдік.
Әбілмансұр Кимнің айтуынша, ағза үшін ең зиян сусын – газдалған сусындар. Яғни Coca Cola, Pepsi, Fanta сынды сусындар құрамындағы қант пен қышқылдың кесірінен денсаулыққа зиян келтіреді.
Coca-Cola құрамы:
- Газдалған су. Сайттағы мәлімет бойынша сусынның 85%-ы газдалған судан тұрады;
- Қант (100 мл-ге шамамен 10,6 г немесе 0,5 л-ге 53 г). 0,5 бөтелке сусында 13 шай қасық қант бар;
- Көмірқышқыл газы (E290);
- Карамель колері IV (E150d);
- Ортофосфор қышқылы (E338);
- Хош иістендіргіштер;
- Кофеин (330 мл-ге шамамен 32 мг);
Көрсетілгендей қант мөлшері “Maxi чай” сусынынан да асып кетеді. Демек Coca Cola да семіздік, қант диабеті, тіс аурулары, ұйқысыздық деген сияқты қантты шамадан тыс тұтынудан пайда болатын салдарға әкеледі.
Маман сусын құрамындағы карамель колері де зиян болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі жануарларға жасалған сынақта өзін нашар көрсеткен.
“Көмірқышқыл газы сусынды газды етеді. Асқазаны әлсіз адамдар осы сусынды ішкен соң, іші ісініп, кекіруі мүмкін. Карамель колері сусынға түс береді, яғни соның арқасында Coca Cola қара болады. Колерді аз мөлшерде қолдануға рұқсат етілген. Себебі ғалымдар жоғары мөлшерін жануарларға сынап көріпті. Сол кезде зертханалық жануарларда қабыну мен қатерлі ісік пайда болды. Ал хош иістендіргіш тек аллергиясы барларға әсер етеді”, – деді фармацевт.
Сондай-ақ сусындағы тағы бір қауіп – ортофосфор қышқылы, тәуелділік тудыратын кофеин.
“Ортофосфор қышқылы дәмін тәттірек етіп, сусын тез бұзылып кетпес үшін қосады. Алайда бұл қышқыл тіс пен сүйектегі кальцийді шайып жібереді. Соның кесірінен сүйек не тіс аурулары асқынып кетуі әбден мүмкін. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балаларға бұл сусынды ішуге кеңес бермейміз. Әрі минералды зат алмасуды да бұзады”, – деді ол.
Ал кофеиннің тәуелділік тудыратын әсері болғандықтан кей адамдар Coca Cola-ны ішуін қоя алмай жатады дейді.
Fanta, Sprite сынды газдалған сусындардың да құрамы Coca Cola-нікіне ұқсас. Алайда Fanta мен Sprite құрамында ортофосфор қышқылы мен кофеин жоқ. Оның орнына лимон қышқылы қосылады. Алайда Fanta құрамында сары түс беретін E110 бояғышы аллергиялық реакция беруі мүмкін. Маман бұл астмасы бар адамдарға қауіпті екенін айтады.
Maxi Чайға ұқсас Fuse Tea де тәтті шай ретінде ұсынылады.
Fuse Tea құрамы:
- Су;
- Қант және глюкоза-фруктоза сиропы (0,5 литрде 10 шай қасық қант);
- Шай сығындысы;
- Лимон қышқылы (E330);
- Хош иістендіргіштер;
- Консерванттар (калий сорбаты E202 немесе натрий бензоаты E211);
- Бояғыштар;
- С дәрумені (аскорбин қышқылы).
Бұл сусынның да қант мөлшері өте көп. Сонымен қатар сусынның сапасы бұзылмас үшін консерванттар қосылады. Ал бояғыштар сусынның түсін қанық ету үшін қажет. Бірақ бояғыш пен консерванттар аллергиялық реакция тудыруы мүмкін. Fuse Tea-дің зиянын азайтатын бір компонент – С дәрумені. Көп сусындарда дәрумен қосылмайды.
Piko шырыны салыстырмалы түрде табиғи сусын ретінде сатылады және сатып алушыларға “зияны аз” деп ұсынылады. Оның құрамы:
- Апельсин шырыны – 10-12%;
- Апельсин целлюлозасы;
- Қант – 0,5 литр үшін 10 шай қасық;
- Су;
- Лимон қышқылы
- Натрий цитраты (тринатрий цитраты, E331)
- Гуммиарабик (E414) тұрақтандырғышы;
- Шайыр қышқылдарының глицерин эфирлері (E445);
- Хош иістендіргіштер;
- Бета-каротин (E160a) бояғышы.
Маманның айтуынша, апельсин шырыны мен жемістің нәрі қосылғаны расымен жақсы. Алайда мұнда да қант мөлшері өте жоғары. Тек глицерин эфирі аллергиялық реакция беріп, іш өтуіне себепкер болуы мүмкін.
Әбілмансұр Ким аталмыш сусындардың барлығында қант мөлшері өте жоғары болғандықтан, оны тұтынуды азайтуға кеңес берді.
“Әрине, мұндай сусындардың орнына үйден шай дайындаған пайдалырақ. Мәселен, 0,5 литр сусынды бірден ішіп қойғанның орнына 100 мл ішсеңіз болады. Қатты тәтті шырындарға су қосқан дұрысырақ, сонда қант мөлшері азырақ болмақ. Ең жиі жіберілетін қателік – сусынды аш қарынға ішу. Тамақтанып болған соң тұтынған дұрыс. Әрі онда жасұнық көп болғаны абзал. Егер тәтті сусын ішсеңіз, сол күні тәттілерден бас тартыңыз. Бастысы – баланс”, – деді сарапшы.
Еске салсақ, Ахметбек Нұрсила кәсіпкер Тұрсен Алагөзовке қарсы шығып, ол шығаратын сусынды сынға алған еді.