Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде міндетті вакцинация басталмақ: Қазақстандықтардың бұл туралы ойы қандай?

Қазақстанда бірқатар қызметкерлер үшін міндетті вакцина енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті. Оның сөзінше, саны 20 адамнан асатын ұжымның барлық қызметкерлері вакцинациялануы тиіс. Әйтпесе, олар әр 7 күн сайын ПТР тестін тапсыруы керек. Екпені мемлекет тарапынан міндеттеуге елдің көзқарасы қандай? Stan.kz тілшісі Алматы қаласының тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп қайтты. 

Сауалнама нәтижесі халықтың вакцинаға әлі де болса сенбейтінін көрсетті. Міндетті екпеге мүлде қарсы екендерін айтқандардың қарасы көп. Десе де, халықтың жаппай екпе жасатып, вирусқа қарсы антидене қалыптастыруды міндеттеу керек деген азаматтар да жоқ емес. 

“Мен вакцинаның екі дозасын салдырдым. Екі кезеңде де ауырған жоқпын және жанама әсері болған жоқ. Вакцинаны міндетті түрде салдыру керек”, – дейді қала тұрғыны.

Ал кейбірі адамдар арасында көп жүрмесе вакцина салудың қажеті жоқ деп біледі.

“Вакцинация алған дұрыс. Бірақ міндеттеу дұрыс емес. Әр адам өз ықыласымен барып алуы керек. Мысалы, мен вакцина алдым. Өйткені жұмыста адамдармен көп қарым-қатынас жасайтын болғанықтан қорықтым, өзім үшін салдырдым. Ал әйеліме вакцина алмай-ақ қойсаң да болады дедім. Себебі ол үйде отырады. Адамдар көп жиналатын жерге шықпайды. Вакцина салдыру аса қажеттілік жоқ адамдарға салмаса да болады”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны. 

Алматы қаласының тұрғыны Гүлмираның ойынша халыққа әбден зерттелген, ең кемі 4-5 жыл көлемінде тексеруден өткен екпе керек дейді. 

“Екпе салдыру әр адамның өз қалауы деп ойлаймын. Кейбір адамдар барлығын егжей-тегжейлі жасап болған соң ғана, салдырғалы жатқан вакцинаға сенімді болғанда ғана екпе жасатады. Бұл дұрыс. Ал міндеттеу дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі екпе салдыру-салдырмау әр адамның өз құқығы. Екпе біреуіне жақса, екіншісіне кері әсер етуі мүмкін. Сенімсіздік танытқан адамға екпені міндеттеу – қиянат жасағанмен тең. 

Одан кейін жас балаларға, жүкті әйелдерге және зейнет жасынан асқан қарт кісілерге вакцина жасауға түбегейлі қарсымын. Мысалы кішкентай балалардың иммунитеті екпеге қандай реакция беретінін білмейміз. 

Тағы айта кететіні вакцина 4-5 жыл көлемінде жіті тексеруден өтіп, әбден зерттелген болса, бір сәрі. Тексерілмеген, талқыланбаған нәрсені балаларға эксперимент жасау дұрыс емес. Жүкті әйелдерге де екпе салудың соңы немен бітетінін білмейміз. Онсызда жүктілік кезеңінде гормандық өзгерістер болады. Сол кезде әйелде түрлі витаминдер мен антибиотиктер ішеді. Ол дәрілер әбден тексерістен өтсе де балалар түрлі аурулармен туылады. Ал бұл вакцина тексерілмеген. Жүкті әйелдерге эксперимент ретінде салуға болмайды”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира. 

Жастар арасында міндетті вакцинаны қолдайтын қыз-жігіттер кездесті. 

“Менің ойымша, вакцинаны барлық адамдар алуы керек. Мемлекет екпені міндеттеп жатса, бұл да денсаулық үшін керек деп ойлаймын“, – дейді студент Әсем. 

Міндетті вакцинация туралы сауалнаманың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көре аласыз. 

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда вакцинация бойынша көш басында Шымкент (25,4%), Алматы (24,6%), Нұр-сұлтан (20,8%) қалалары тұр. Аутсайдерлерде – Маңғыстау (8,3%) және Қостанай (13,7%) облыстары бар.

Талқылау