Міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петиция: Министрлік мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto.com
Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық ата-аналар жариялаған міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тамыз айының басында әлеуметтік желілерде петиция пайда болды, петиция авторлары оқушылардың киіміне қойылатын қатаң талаптарды алып тастап, еркінірек дресс-код енгізуді ұсынған.
Ата-аналардың пікірінше, мектеп формасының бағасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек. Сондай-ақ олар баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екенін айтқан.
Айта кетейік, петиция үкіметте қаралуы үшін оны 50 мың адам қолдауы тиіс.
Оқу-ағарту министрлігінің жауабында мектеп формасына қойылатын талаптар заңмен бекітілгені және барлық мектептер үшін міндетті екені айтылған.
"Тиісті бұйрықта қыздар мен ұлдардың киім үлгісі нақты анықталған. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы зайырлы оқыту сипатына сәйкес келеді. Киім классикалық болуы керек, түс гаммасы тыныш, көзге ауыр тимейтін реңктерде сақталып, үш түстен артық үйлестіруге жол берілмейді. Сонымен бірге, талаптардың 13-бабына сәйкес, әртүрлі конфессиялардың діни белгілері бар киім элементтерін мектеп формасына қосуға рұқсат етілмейді", – делінген министрлік жауабында.
Министрлік мектеп формасы барлық оқушылар үшін тең жағдай жасауға, буллинг тәуекелін азайтуға көмектесетінін атап өтті.
"Әр мектеп білім беру барысын ұйымдастыру ережелері аясында және мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес жұмыс істейді, бұл талаптарды барлық ата-аналар мен оқушылардың заңды өкілдері орындауға міндетті. Бұл талаптар нормативтік-құқықтық актілерде, мектеп жарғысында және мектеп пен ата-аналар арасындағы келісімдерде бекітілген", – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, ата-аналар мектеп жарғысын және белгіленген талаптарды орындауға жауапты.
"Бұл міндеттерді орындамау заңда көрсетілген жауапкершілікке әкеп соғады. Ал аталған мәселе бойынша петиция бар деген ақпаратқа келетін болсақ, ресми түрде өкілетті мемлекеттік органдарға мұндай петиция түспеген, белгіленген тәртіпте қаралмаған, сол себепті ресми талқылау нысаны болып саналмайды", – делінген оқу-ағарту министрлігінің жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петиция жариялағаны туралы жазған едік.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
