"Сатқындық жасағандар болды": Сәнгер Жадо өнері, жеке өмірі мен бұрынғы күйеуімен қарым-қатынасы жайлы

Белгілі сәнгер Жадо ханым өміріндегі соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ол өзінің жалғыз еместігін, келесі жылы тұрмысқа шығатынын да айтып қалды. Сондай-ақ, бұрынғы күйеуімен қарым-қатынасы мен өзіне сатқындық жасаған адамдар туралы тілге тиек етті. 

жадо

- Жадо ханым, Нұр-Сұлтан қаласына көшкелі бері өміріңізде қандай өзгерістер болып жатыр?

- Нұр-Сұлтан қаласына көшкен уақытта Қазақстан Ұлттық арнасымен «Мен қазақпын» деген үлкен мегажоба жасадық. Содан кейін «Бала дауысы» байқауына қатыстық. Кішкентай бүлдіршіндерден құралған би ансамбліміз бар. Олар өнерлерін көрсетіп, неше түрлі конкрстаурдан жүлделі оралуда. Жақында ғана бейнебаян түсірдік, Жаңа жылда көре жатарсыздар. Айтпақшы, 2020 жылы ақпан айында Қарағандыда өзіміздің үлкен филиалымызды ашамыз. Оның ішінде JADO фитнесс-спа, сән үйі, маталар үйі, сұлулық салоны да болады. Тіпті көлік жөндейтін жер де ашқалы жатырмыз. Оның ашылуына міндетті түрде сізді шақырамыз!

- Түркия елінде бір шараға барып келгеніңізді естіп жатырмыз. Сәнгерлерге арналған арнайы шара ма? 

- Жоқ, ол жаққа арнайы шақыртумен бардым. Бұхара Медиа Group маған Қазақстанның Түркиядағы елшісі деген атағын берді. Жаңа жыл қарсаңында мұндай атақ берген түрік мемлекетіне көп рахметімді айтамын. Бұйырса, келесі жылы Түркия елімен бірлесе жобалар жасаймыз. Соның бірі Анкара қаласында сән үйі ашылуда.

- Осыдан екі жыл бұрынғы сұхбатыңызда жалғыз емес екеніңізді айтып қалғаныңыз бар еді. Құпия болмаса, ол кісі кім екен? Тұрмысқа шығып қалуыңыз да мүмкін бе?

- Аллаға шүкір, кездесіп жүрген адамым бар. Келесі жылы бұйыртып, күйеуге шығып жатсам, сіздерді тойыма шақырамын. Ал ол кісінің кім екенін әзірге айтпаймын. Ол жағы құпия болып қала берсе деймін.

- Тұрмысқа шығып жатсаңыз, балаларыңыз қарсы болмай ма?

- Қызым он бесте, ұлым он екіде. Қызым менің құрбым сияқты болып кеткен. Екеуміздің арамызда құпия жоқ. Ол шет жағасын біледі. Ол кісіні сыйлайды, жақсы көреді. Сондықтан да тұрмысқа шығуыма бала-шағам қарсы болмайды деп ойлаймын. Уақыты келгенде балаларым да өз өмірлерімен өмір сүреді. Қазір шетелде оқуды ойлап жүр. Бірақ біз ол жағын әлі ақылдасудамыз. Кейде «Біз шетелге кетіп қалсақ, сіз жалғыз болып қаласыз ғой» деп уайымдайды. Сондайда «еш уайымдамаңдар, жалғыз емеспін» деп айтамын.

- Сіз жұбайыңызға тоқал алып бергеніңіз туралы айтқаныңызда көпшілік таңқалған болатын. Расымен ол кісіні қызғанбадыңыз ба? Одан кейін «жалғыз қалдым-ау» деген өкініштер болмады ма сізде? 

- Жалғыз қалдым деп айта алмаймын. Бірге тұрған кездерде де ол кісі Ресейге кетіп қалатын. Сол уақыттарда өзімді жалғыз сезінбейтінмін. Бір жағынан білімім, кәсібім бар. Он жасымнан бері өнерде жұмыс істеп келе жатырмын. Сол себептен қыздарға білімді болыңдар дегім келеді. Жоғары білім алып, сүйетін істеріңмен айналыссаңдар ешуақытта жалғыздықты сезінбейсіңдер. Өйткені өмірде қиыншылық болғанда сол іс оны алға жетелейді. Мені биік шыңға жетелеген өнерге басымды иемін. Өнер жолында жүргенім үшін Аллама мың алғыс айтамын. Қасымнан табыла білген жақындарыма мың алғыс айтқым келеді.

- Ал ол кісімен араласып тұрасыздар ма?

- Бұрынғы күйеуіммен қарым-қатынасым жақсы. Бала-шағамызбен араласып тұрамыз. Қамшының сабындай ғана мына өмірде адамның күні адаммен. Сол себепті барлығымыз бір-бірімізді сыйлап, жақсы көріп өтуіміз керек деп ойлаймын.

- Қашан да ізденісте жүретін адамдар қатарынансыз ғой. Ән айтып шыққаныңыз бар еді. Ары қарай жалғастырмадыңыз ба?

- Мен өзім үшін ән айтқанмын. Бірақ білесіздер, бізде әр нәрседен «хайп» жасап алады. Шын айтсам, ән айтуды ары қарай жалғастыру ойымда жоқ. Тіпті оны кәсіби тұрғыда орындап, сахнаға алып шығамын деген ой да болмаған. Сол себепті ол өзімнің архивімде қалады-ау. Кейін өзім үшін тағы бір ән жазатын шығармын. Бірақ сахнаға шығармаймын.

- Еңбекқорлығыңызға кейбірі қызыға қараса, енді бірі қызғана қарайтыны рас қой. Осындай тынымсыз жүгірістен шаршайтын кездеріңіз бола ма?

- Біз күні-түні жұмыс істейміз. Бірақ шаршау дегенді білмеймін. Қазіргі заманда «шаршаймын» деп айтуға болмайды. Өйткені өскелең жастар бізге қарап өсіп келе жатыр. Осы мақсатта біз еш шаршамауымыз керек.

- Өзіңіз қандай бастықсыз?

- Жұмыстағылар маған «сіз өте ақкөңілсіз, мейірімдісіз» деп айтады. JADO бренді осы ұжымның арқасында қалыптасты. Бұл істе солардың еңбегі жатыр. Мен жұмыстағыларды ұжым деп айта алмаймын. Олар мен үшін – жанұям. Өйткені 24 сағат бойы мен сол кісілердің қасында жүремін. Кейде осы «менің сән үйім бизнес емес, қайырымдылық жері ме» деп ойлап қаламын. Себебі әрдайым адамдарға көмектесуге дайынмын. Киімдерімді сыйға тартамын. Кәсіпкер аға-апаларымызға да қазағымызды қолдап жүрейік деп айтамын. Біреуге көмектессек, ертеңгі күні ол Алладан қайтады. Сондықтан да жақсылық жасағанды жақсы көремін. 

- Мақпал Жүнісова апайымыз сіздің ақкөңіл адам екеніңізді айтқан болатын. Бірақ жан-жағында жиналғандар қу, пайдаланады дегені бар. Бұл пікіріне қалай қарайсыз?

- Мақпал апайымыздың маған қатысты осындай пікір білдіргеніне рахмет айтқым келеді. Көпті көрген кісі ғой адам таниды. Иә, Мақпал апай дұрыс айтады. Осы жылы қол астымда жұмыс істеген адамдардың біразы маған сатқындық жасады. Бірақ оларға еш ренжімеймін. Ең дұрысы, Аллаға тапсырдым. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деп айтады ғой. Адамдардан сондай әрекеттер де керек шығар. Бұл бір үлкен сабақ болып қалды. Келесі жолы ондай адамдармен араласпауға тырысамыз. 

- Бір жылдары Меруерт Түсіпбаевамен түсініспеушілік туып қалған еді. Сол жағдайдан кейін достаса алдыңыздар ма?

- Меруерт ханыммен қазір сәлеміміз түзу. Кейде сол кездегі екеуміздің арамызда туған түсініспеушілік пен ұрысқа өкінемін. Өйткені біз қазақпыз. Мұндай қылық көрсеткеніміз дұрыс болмады. Бірақ жауым болсын, досым болсын, әрқашанда бәріне менің сәлемім түзу. Қандай кісі болмасын бірінші адамға жақсы ниетпен қарауға тырысамын. Бір-ақ рет берілетін өмірді арпалысып өткізгім келмейді. Қазақтың қара домалақ қызымын. Сол себепті кешірімді болғым келеді. 

- Жақында Тәуелсіздік күніне орай бірқатар әншілер атақ алды. Сол кезде халық «Неге мұғалімдер мен дәрігерлерге марапат бермеске» деген пікірлер айтты. Бұған не айтасыз? 

- Әрине, халық қашан да дұрыс айтады. Шынымен де, неге марапатты дәрігерлер мен ұстаздарға бермеске? Егер сол кісілерге беріп жатса, екі қолымды көтеріп қолдар едім. Біздің әншілерімізде бәрі бар ғой, шүкір. Сахнаға да шығып жатыр, ақша да жақсы беріледі. Сол себептен біз үкіметте жүрген айлығы аз кісілерді қолдауымыз керек. Ол дұрыс.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр