“Миллиардтар алса да жұмыс көлемі аз”: Мәжілісмен “Базис-А” құрылыс компаниясын сынға алды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров инфрақұрылымға негізсіз шығындардың көбейіп бара жатқанын сынға алды. Ол мысал ретінде "Базис-А" құрылыс компаниясына қаржы бөлу мәселесін келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен қаржыны барынша үнемдеп, тек ең өзекті мәселелерді шешуге бағыттауды талап етеді. Алайда соңғы жылдары үкімет пен жергілікті билік жүзеге асыратын инфрақұрылымдық жобалардың құны айтарлықтай қымбаттауда. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жол саласында жобалық-сметалық құжаттаманың құнын негізсіз көтеру фактілерін анықтады. Жалпы алғанда, бұл соманың мөлшері шамамен 10 миллиард теңгені құрады. Мердігерлер үшін бағаның жасанды түрде өсуі мен қаржылық құжаттаманы қайта қарау – келісімшарттың ажырамас бөлігіне айналып кеткендей. Алматы метросын салу барысында "Базис-А" компаниясына үнемі қосымша миллиардтаған теңге бөлінеді, бірақ соған қарамастан атқарылатын жұмыс көлемі қысқартылып отыр", – деді Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, Екібастұздағы үшінші энергоблоктың құрылысы туралы сөз қозғалғанына 30 жыл болған.
"2012 жылдың қаңтарында Екібастұз ГРЭС-2 зауыты қазанды және турбоагрегатты дайындау жөнінде келісімшартқа қол қойды. Оның құны 73,9 миллиард теңгені құрады, ал алдын ала төлем ретінде 38 миллиард теңге төленді. Алайда, осы күнге дейін жұмыс толық аяқталған жоқ", – деді мәжілісмен.
50 шаршы метрден аспауы керек: Қазақстанда саяжай үйлерінің құрылысына жаңа ережелер енгізілді
Депутаттың мәлімдеуінше, Жоғарғы аудиторлық палата деректері бойынша 2023 жылы газ құбырларының құрылысы жобасында 10 миллиард теңгеден астам қаржының негізсіз қымбаттауы анықталған.
"Біз көріп отырғанымыздай, тек орынсыз баға өсімін реттеу арқылы халықтың жүздеген миллиард теңгесін үнемдеуге болады. "Amanat" фракциясы салық төлеушілердің қаражатын жұмсауда қатаң тәртіп орнататын уақыт келді деп санайды. Бюджет қаражаты қатаң бақылауда болуы керек. Ашкөз мердігерлерді қаржыландыруды тоқтатып, тапсырыс берушілердің негізсіз шығындарын шектеу керек. Осыған байланысты инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының жоспарлануын және мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды сұраймын", – деп түйіндеді Саиров.