"Миы шайқалып, көп нәрсені ұмытып қалған": Қостанайда дәрігерге шабуылдаған науқас сотқа тартылды
Видеодан скриншот
Қостанайда дәрігерге шабуылдап, есінен тандырған науқас сотқа тартылды. Сотталушы бірден өкінетінін айтып, кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанайлық дәрігер Антон Кистановқа шабуыл жасаған 34 жастағы Абылайхан Сәрінжепов екен. Үйленген, үш баласы бар, ЖШС-да жүргізуші болып жұмыс істейді. Сотталушы бүйрегіндегі тастың ауыруы, ұзақ күткені және урологтың дөрекілігі дәрігерді ұруға мәжбүрлегенін айтады.
“Ол мағанн "Денсаулық сақтау министрлігіне телефон соғып не керек, олар не істейді?" деп сұрай бастады. Мен "Маған сұрағыңызды кейінірек қойыңыз" дедім. Ауырғанымды шыдай алмадым, ұстамам ұстауға сәл қалды. Ол маған “қой сияқты маңырап, неменеге мені іздеп жүрсің?” деді. Мен оны ұрып жібердім, қалай ұрғанымды, жағдай қалай болғанын түсінбей қалдым”, – деді сотталушыАбылайхан Сәрінжепов.
Абылайхан Сәрінжепов бұған дейін жедел жәрдеммен қабылдау бөлмесіне барған, уролог ем тағайындады. Алайда жағдайы нашарлаған кезде ол қайтып келуге кеңес берді, ол солай қайтып келген.
Дәрігердің өзі сол күні қабылдау бөлмесіне барғанға дейінгі сәтті есте сақтаған. Мидың контузиясына байланысты ол көп нәрсені ұмытып, есте сақтау және басқа да мәселелерден зардап шекті.
“Көптеген күтпеген салдары кейінірек болуы мүмкін. Қан қысымының көтерілуі, эпилепсиялық ұстамалар, кисталардың пайда болуы және т.б. Нейрохирургтармен сөйлескенде, олар гематома алты айға дейін немесе одан да көп уақытқа дейін сақталуы мүмкін дейді”, – деді Қостанай облыстық аурухананың уролог-дәрігері Антон Кистанов.
Сотталушының соттылығы бар. Ол бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін шартты түрде сотталып, көлік құралын рұқсатсыз жүргізгені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылған. Енді ол абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Ол жәбірленуші Кистановты оң жақ жұдырығымен ерін аймағына қасақана ұрып, салдарынан ол басының артқы жағын қабырғаға соғып, еденге құлаған. Алған жарақатының салдарынан миы шайқалып, Қостанай облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді”, – деді мемлекеттік айыптаушы Айгүл Мұсаева.
Сотталушы 2 миллион теңге шығынды өтеуге және төлеуге дайын. Зардап шеккен тарап бұған келісе ме, әзірге белгісіз. Келесі сот отырысында куәгерлерден жауап алынады.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге шабуыл жасағанын жазған едік. Науқастың шабуылынан есінен танып қалған Антон Кистанов кейіннен комаға түсіп қалды. Ауыр жарақат алған дәрігер санитарлық авиациямен Астанаға жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізілді.
Дәрігерге шабуыл жасады деген күдікпен облыстың 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті алдағы екі ай қамауда отырады.

Қазақстандық жігіт марихуана шеккені үшін айыппұл арқалады: Енді ол қарасораны заңдастыру үшін күресіп жүр
