Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миы шайқалып, кеуде қуысы зақымдалған": Ақтауда ұшақ апатынан аман қалған науқастардың жағдайы қалай екені айтылды

Денсаулық сақтау министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың жағдайын баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пациенттер түрлі жарақатпен, бірнеше зақымдармен келіп түсті. Олар: мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары, травматикалық шок.

"26 желтоқсан күні таңертең 11 пациент реанимация бөлімшесінде, 13-і травматология бөлімшесінде, екеуі нейрохирургия бөлімшесінде, біреуі хирургия бөлімшесінде ем алды. Пациенттердің жағдайы бойынша: екеуі аса ауыр жағдайда, 11-і ауыр жағдайда, 14-інің жағдайы орташа ауыр. 2 пациенттің  шағымы жоқ, қанағаттанарлық. 11 пациенттің сегізі өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Сондай-ақ дәрілік седация, тониктер қабылдады. Келіп түскен кезде барлық зардап шеккендерге қажет зерттеп-тексеру жүргізілді. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейіні бойынша емдеуге жатқызылды", – делінген министрлік хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін жеткізді. 



"Дәрігерлер ауыр пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатыр. Науқастар ауруханада дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. Зардап шеккендердің жағдайы және олардың емделу барысы туралы қосымша деректер ақпарат жаңартылған сайын ұсынылады. Ресей тарапымен келіссөздерден, мамандардың консультацияларынан кейін, бүгін Апаттар медицинасының бортымен Ақтаудан Мәскеуге 9 пациент, Ресей азаматтары жіберілді", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр.  Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды. 

Сосын Астанадан Ақтауға әуе апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін санитариялық авиация ұшағы жіберілген. Бортта құрамында екі реаниматолог, 4 травматолог, нейрохирург және комбустиолог барДенсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобилдік бригадасы барған. 

Талқылау