"Мерзімі мен сомасы құпия": Қазақстан енді Жапонияға уран жеткізетін болды

“Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы мен жапониялық Kansai Electric Power Co. табиғи уран концентраттарын сату және сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатқа Токиода өткен Қазақстан-Жапон бизнес форумы барысында қол қойылды. Жиын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары кезінде өтті.
Келісім Жапонияның атом электр станцияларына уран өнімдерін коммерциялық негізде жеткізуді көздейді. Мәміле құны мен уран концентраттарын жеткізу көлемі көрсетілмеген.
Бірінші қазақстандық АЭС отандық уранмен жұмыс істейді
Иран соққыдан кейін де уран байытуды тоқтатпайтынын мәлімдеді
“Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов келісімге қол қойылғанын растады.
“Иә, серіктестерімізбен келісімге қол қойдық. Олар ұзақ мерзімді серіктесіміз болады. Ұзақмерзімді келісім жасалды, бұл біздің сатылым географиясын әртараптандыру стратегиямызға сәйкес келеді. Енді уран өнімдерін Жапонияға жеткіземіз. Келісімнің мерзімі, сомасы және басқа да деректері құпия санатында”, – деді Юсупов.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тұрақты әрі сенімді нәтижелерге қол жеткізгені туралы жазған едік.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты