"Мені заңсыз айыптауда": Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов сотта сөз сөйледі
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында 1 миллиард теңгенің жымқырылуына қатысты іс бойынша сотта басты айыпталушы бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: qfl.kz
Ол өзіне қатысты істің қолдан ұйымдастырылғанын айтады.
"Мені заңсыз айыптауда, іс қолдан жасалған. Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлігі – бұл қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – жеті жыл. Алайда жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшыларының бірі маған 12 жылға дейінгі жаза қарастыратын басқа бап тағылғанын айтты. Бұл шындыққа жанаспайды. Егер мен сияқты айыпталушы вице-министрлердің саны 50-ге жетсе, оны түсінуге болар еді. Бірақ мені жалғыз талқылап жатқан секілді", – деді Ерлан Қожағапанов.
Ерлан Қожағапановтың адвокаты Наурыздың мерекелік күндеріне байланысты айыпталушының өз мәлімдемесіне дайындалуға мүмкіндігі болмағанын айтты.
-
Миллиард теңгенің дауы: Ерлан Қожағапановты ауыр жемқорлық қылмысы үшін соттамақ
-
Астана қаласының мәдениет басқармасында 8 млрд теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталды
"Тергеу изоляторының қызметкерлері бұл кезеңде заңды демалысында болған. Қожағапановтың жауап беруге жан-жақты, егжей-тегжейлі пысықтай алатын уақыты болды ма? Формалды емес, шынайы әрі толыққанды дайындалуға мүмкіндік болды ма? Мен ешқандай шағым айтып отырған жоқпын, тек бір ғана өтініш білдіремін: Қожағапановқа өз жауабына дайындалуға мүмкіндік беріңіздер", – дейді адвокат.
Қорғау тарапы тергеудің асығыстықпен жүргізілуі кемшіліктер мен қателерге әкелуі мүмкін екенін, ал бұл кейін айыпталушыға қарсы пайдаланылуы ықтимал екенін айтады.
"Сот оның жауабы барысында жіберілуі мүмкін қателер мен дәлсіздіктердің айыпталушыға қарсы пайдаланылмайтынына қандай кепілдік бере алады? Мұндай жағдайда қателер мен кемшіліктердің пайда болу ықтималдығын жоққа шығармаймын. Бәлкім, дәл осы көзделген шығар. Егер солай болса, бұл сот талқылауы емес, қорғау құқығынан айыру болмақ", – деді адвокат.
Айта кетейік, 2025 жылдың басында Антикор 2018 жылы өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында 1 миллиард теңгенің жымқырылуына байланысты бұрынғы мәдениет және спорт вице-министріне және мердігер ұйым басшылығына қатысты тергеуді аяқтаған еді.
Еске салсақ, 2024 жылдың наурыз айында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ұсталғаны туралы жазған едік.