Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені өлтіргісі келеді": Оралдағы атысқа қатысты жаңа деректер белгілі болды

Түн ортасындағы мылтықтың дауысы Орал тұрғындарын дүр сілкіндірді. 24 жастағы ер адам зардап шекті. Қазір ол реанимацияда ауыр халде жатыр. Куәгерлер оны ашулы қудалаушылардан қалай жасыруға тырысқандарын айтты. Полиция қақтығыстың 20 қатысушысын ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Күзетші Борис Федурко түнгі атыстың куәгері. Оның айтуынша, кешкі сағат 11-де қансыраған бір жігіт олардың базасына жүгіріп келген. Өзін жасыруды сұраған. Ол өзін біреулер өлтіргісі келетінін айтқан. Біраз уақыттан кейін оның артынан 5 адам жүгіріп келген. Олар қашқынды тауып алды, бірақ зақым келтіре алмады. Себебі бұл уақытта оқиға орнына полиция жетіп келді.

"Бала жүгіріп келді, мені жасыр деді. Оны жасырды - ауысымшы. Оның артынан 4-5 адам келді,  камерадан көрінеді. Олар оны тапты, содан кейін полиция келіп бәрін алып кетті. Біздің басшылар полиция шақырды. 24 жастағы ер адамға оқ жарақаты диагнозы қойылған. Ішкі мүшелері зақымданған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады", - деді күзетші Борис Федурко.

"Оған шұғыл түрде операция жасады, операция кезінде сол жақ өкпенің, диафрагманың, асқазанның, аш, тоқ ішектің, бүйректің, көкбауырдың көптеген жарақаттары анықталды. Ота жасалды, қазір ол реанимацияда жатыр", - дейді облыстық көпбейінді аурухананың қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ербол Есеев.

Полицейлер қақтығыстың барлық қатысушыларын - 20 адамды ұстады. Қазір оларды уақытша оқшаулау изоляторына қамау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу "Бұзақылық" бабы бойынша жүргізіледі.

"Оқиға орнына жақын маңдағы полиция наряды жіберілді. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Орал полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның барлық қатысушыларын анықтап ұстады. Қылмыстың себептері анықталуда. Бұған дейін ерлер арасындағы қақтығыс болғаны белгілі. Себебі тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", - деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Еске салайық, 20 қазанда кешкісін Оралда жастар арасында жаппай төбелес болып, бір адамға оқ тигені хабарланды.

Талқылау