Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мен сіздің балаларыңызға жамандық тілемеймін”: Әсел Асқар бір топ аналарға наразылығын айтты

Қазақта “ананы баламен сынамасын” деген даналық сөзі бар. Жуырда өзінің балапанын жер қойнына тапсырып, ауыр сынаққа сабырлық танытып жүрген Әсел Асқар бір топ аналарға өкпе-ренішін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Үлкен қайғыдан кейін Әсел қайтадан қалыпқа келуге тырысып жүр. Мұны блогердің жеке әлеуметтік парақшасынан байқауға болады. “Мен өмір сүруді жалғастырамын" деп өзінің Instagram әлеуметтік желісінде шер тарқатты. 

“Үмітті жоғалтуға болмайды. Өзімізге бақытты болуға тыйым салуға болмайды. Тіпті, дәл қазіргі жағдайдың өзінде. Мен өзімді әр жетістігіме, сабырлығым мен әрбір әрекетіме күн сайын мақтаймын”, – деп жазды фитнес-залда жаттығуды бастаған ару.

Жаттығу залындағы адамдардың қозғалысы, сұлулық пен сымбаттылыққа талпынысы Әселге шабыт береді екен. Өмірге деген құлшынысын арттырады. Алайда блогер кейбір аналарға наразы.

“Дубайға барған кезде де қазақтың келіншектері, Қазақстанда да кейбір аналар мені көрсе жау көргендей қорқады. Балаларын менің қасыма жақындатпауға, өздері де қашықтан айналып өтуге тырысады. Менде қазір бәлкім стресс шығар. Бірақ мен сіздің балаңызға жамандық тілемеймін. Сіздің балаңыз – ол сіздікі. Менің балам – ол менікі. “Неге менің балам қасымда жоқ?” деген қызғанышта болмайды. Мені көргенде құбыжық көргендей қорықпаңыздаршы” деді ол. 

Сондай-ақ, актрисаға өзіне аяушылық танытатындар ұнамайды екен. Парақшасына және жекесіне жазатын пікірлерге де қарсы.

"Егер менің қазіргі хәлім ұнамаса, қарамаңыздар. Кейін қайтадан өзіме келіп, әдемі видеолар мен пайдалы ақпараттар берген кезде тіркеліңіздер. Менің қазіргі жағдайым осындай. Осылай қабылдаңыздар. Бәріне де уақыт керек", – дейді Әсел Асқар. 

Жанар Тлепиева
Сәрсенбі, 09 Қараша, 2022 15:25
Талқылау