Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттік тілде сөйлейді": Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғаны туралы ескерту жасалды

Фото: freepik.com

Қаржылық мониторингі агенттігі қазақстандықтарға телефон және онлайн алаяқтық жағдайларының көбеюіне байланысты ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ведомство мәліметінше, алаяқтар агенттік атынан хабарласып, өздерін "заңгер" немесе "тексеруші маман" ретінде таныстырады. Осылайша "сіздің ұйымға қатысты тексеру басталды" деген мазмұндағы жалған хабарламалар айтады. 

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп тексеріс жүргізіп жатыр деген желеумен жалған хаттар жібереді. Онда "қызметкерге мінездеме беру" немесе өзге де ақпарат ұсыну қажет делінеді.

"Сонымен қатар, WhatsApp арқылы жәбірленушінің жұмыс орнындағы басшысының немесе бухгалтердің атымен хабарласады. Профиль суреттері мен есімдері нақты адамдардікі болып көрінеді. Хабарламалар кейде мемлекеттік тілде жазылады, бұл сенімділікті арттырып, адамды шатастырады", — делінген агенттік хабарламасында.

Whats'App хабарламаФото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Кейін "заңгер" деп таныстырылған адам қоңырау шалып, әңгіменің "құпия" екенін, бұл туралы туыстарға, балаларға немесе құқық қорғау органдарына айтпауды сұрайды.

"Алаяқтар психологиялық қысым көрсетеді. Бір мезетте қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, жағдайды шұғыл және қауіпті етіп көрсетеді. Осылайша, адамға ойлануға немесе біреуден кеңес сұрауға мүмкіндік бермейді. Жәбірленушіге дереу банкке барып, нұсқауларды орындау қажет екені айтылады. Нәтижесінде адамдар өз жинақтарын шешіп, алаяқтарға аударып жібереді", — делінген агенттік хабарламасында.

Мұндай жағдайлар көбіне зейнет жасындағы адамдар арасында жиі кездеседі. Себебі олар манипуляция мен қорқытуға бейім келеді.

Егер сіз алаяқтардың нысанасына айналсаңыз не істеу керек?

Сабыр сақтап, әңгімені бірден тоқтатыңыз;

Сілтемелерге өтпеңіз, тіркемелерді ашпаңыз;

Ешкімге ақша аудармаңыз;

Жұмыс орныңыздағы бухгалтериямен немесе заң бөлімшесімен хабарласып, расында мұндай хат келіп-келмегенін тексеріңіз. Алаяқтар адамдардың ақпаратты қайта тексермейтініне сенеді;

Әріптестеріңіз бен басшылықты деректердің таралу қаупі туралы ескертіңіз;

Қоңырау шалған нөмірді жазып алып, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Бұл ақпаратты туыстарыңызға, достарыңызға және әріптестеріңізге жеткізіңіз. Тек бірігіп әрекет еткенде ғана алаяқтарға тосқауыл қойып, әр азаматтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 17 Қазан, 2025 15:33
Талқылау