Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 жасымда тұрмысқа шықтым": Қазақстандық әйел 14 баланы дүниеге әкеліп, жалғыз өзі асырап отыр

Гүлназ Шакенова – 14 баланың анасы, отбасын өзі асырау үшін еңбек етіп, үкіметке арқа сүйеуге қарсы. Ол кейбір көпбалалы аналардың талаптары артық деп санап, еңбек ету мен жауапкершілікті басты қағида ретінде ұстанады. Алтын құрсақты ана Stan.kz тілшісіне көп балаң болу әдемі болып жүруге кедергі емес екенін айтады. 

Фото: Stan.kz

Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тұрғыны Гүлназ Шәкенова – 42 жасында 14 баланың анасы. Ол 15 жасында тұрмысқа шығып, жолдасы Сәрсенбай екеуі үлкен әрі берекелі отбасын құрды. Тұңғыштары Жадыра 26 жасқа толса, кенжелері Нұрғалым 2021 жылдың наурыз айында дүниеге келген. Гүлназ бен Сәрсенбай ұзақ жылдар бойы Кербұлақ ауданына қарасты Қаспан ауылында тұрған. 2019 жылы көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрып, аудан орталығы Сарыөзектен алты бөлмелі баспана алған. Сол жылы олардың жанұясы тағы бір жанмен толықты – 14-баласы дәл осы жаңа үйде дүниеге келді.

"Маған көбіне генетикам көмектесті. Анам 12 бала, әжем 15, ал үлкен әжем 18 бала дүниеге әкелген. Жолдасым екеуміздің 10 қыз, 4 ұлымыз бар. Тұңғыш қызым Жадыраны 1995 жылы тудым. Одан кейін 1997 жылы Сәния, 1999 жылы Айжан, 2001 жылы Ақжан және 2002 жылы үлкен ұлымыз Ұлан өмір есігін ашты. Одан кейін 2004 жылы Диана, 2007 жылы Сұлтан, 2010 жылы Шолпан, 2012 жылы Айғаным, 2014 жылы Сырым, 2016 жылы Айгүл, 2018 жылы Айша, 2019 жылы Айдана есімді балаларымыз өмірге келді. 2021 жылы кенжеміз Нұрғалымды қолымызға алдық. Барлық баламды өзім дүниеге әкелдім, егіз немесе үшемдер жоқ. Сондай-ақ балаларымыздың бәрі өзіміздің перзенттеріміз", – деді Гүлназ.

Гүлназ Шәкенованың ең үлкен қызы, қазір төрт баланың анасы және мұғалім болып жұмыс істейді. Ең кенже ұлы биыл 5 сәуірде 4 жасқа толады. Отбасындағы үш қызы тұрмыста. 2001 жылғы үлкен ұлы үйленген, келіндері бар. Олардан бір немере сүйіп отыр. Жалпы, ұлының баласын қосқанда, 9 немересі бар. Балабақшаға екі бала барады, ал қалғандары 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі туған балалар, олар бүгінде мектеп оқушылары.

Көпбалалы ана Гүлназ Шакенова 14 баланы тәрбиелеп отырғанын үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік деп санайды. Ол отбасындағы тәртіп пен берекенің сақталуы ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен түсіністігіне байланысты екенін айтады. Жолдасы Сәрсенбай – оның сенімді тірегі, балалардың тәрбиесіне белсенді қатысып, отбасылық шешімдерді бірге қабылдайды.

"2019 жылы 14 баламызға арнап мемлекеттен ескі мазар үй берілді. 6 бөлмелі үй, суық су бар. Әзірге ыстық су кіргізу ойымызда бар. Үйдің жағдайы орташа, жөндеу жасалмаған жер үй. Бұрын қолданыста болған. Дегенмен тұрмыстық жағдайымыз орташа болғандықтан, біз үшін үлкен көмек болды", – деді көпбалалы ана.

Алайда жолдасының денсаулығына байланысты бұрынғы үйлерін сатып, оған ота жасатуға мәжбүр болған. Өмірде қиындық пен қуаныш қатар жүреді дейді Гүлназ Шакенова. Қазір жолдасына жүрекке имплантация орнатылған, сол себепті жұмысқа жарамсыз. Бұған Гүлназ қарап отырмай, дүкенге сатушы болып жұмысқа орналасқан.

Фото: Гүлназ Шакенованың жеке архивінен

"Осы уақытқа дейін жұмыс істеген емеспін. Жұмысқа орналасқаныма 2 жылдай болды. Оған дейін жолдасым табыс тауып отырды. Жолдасым ешқашан мойыған емес. Күйеуім өзі жетім өскендіктен, намысқа тырысатын. Ертеңгі күні менің көргенімді балаларым көрмесін деп, оқытайық деп барымызды салып жүрміз. Үкіметтің белгілі бір көмегімен жеңілдіктері бар. Бірақ көпбалалы ретінде, тұрмыс сапасын жақсарту үшін әлі де қолдауға мұқтажбыз. Балалардың жақсы өмір сүруі үшін жағдай жасау басты мақсатымыз. Алматы облысының бұрынғы әкімі Бейбіт Өксікбайұлы 2021 жылы тегін газ орнатып берді. Алғысым шексіз. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші", – деді көпбалалы ана.

Гүлназ ханым таңнан кешке дейін тығыз кестемен өмір сүреді, балалардың үлкендері кішілерге көмектесіп, бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайды. 

"05:30-06:00-да оянып, таңғы шайымды ішіп, күнді жоспарлаймын. 06:00-07:00-де балалар оянып, жуынып, төсек жинау, асқа дайындық басталады. 07:00-08:00-де таңғы ас ішіп, мектепке және басқа жұмыстарға дайындаламыз. Күндіз балалар сабаққа, мен жұмысқа кетемін. Үй шаруасы, тамақ әзірлеу, кіші балаларға қарау кезектесіп атқарылады. Кешке бәріміз жиналып, кешкі ас ішеміз. Үй тапсырмаларын орындауға көмектесеміз. 22:00-23:00-де өзіме және жолдасыма уақыт бөлу, ертеңгі күнге дайындық. Осылайша, күн тәртібіміз үйлесімді ұйымдастырылған. Үлкендер кішілерге көмектеседі, ал мен бәрін үйлестіруге тырысамын. Ең бастысы – сүйіспеншілік пен ынтымақ!" – деді Гүлназ Шакенова.

Фото: Гүлназ Шакенованың жеке архивінен

Көпбалалы ана үкіметтен ештеңе талап етпейтінін, әркім өз өміріне өзі жауапты екенін айтады. "Баланы өзім үшін тудым, үкіметке міндет артпаймын" дейді Гүлназ ханым. Ай сайын 118 мың теңге жәрдемақы мен "Алтын алқа" үшін 29 мың теңге алады. Кейбір көпбалалы аналар үкіметке ренішін білдіріп жатады, бірақ Гүлназ Шакенова сабырлы болуға, өз еңбегімен өмір сүруге шақырады. 

"Басқа көпбалалы аналардың сұраныстары, талаптары тым артық болып көрінді. Мен жастарға әрдайым жас кездеріңде жұмыс істеңдер, дамыңдар деп айтамын. Үйде отыра бермей, еңбек етіңдер! деп кеңес беремін. Қазіргі заманда екі қолға бір күрек табылады емес пе?! Бірақ жұмысқа шақырсаң, намыстанып, барғысы келмейтіндер бар", – деді көпбалалы ана.

Көпбалалы ана Гүлназ Шәкенованың айтуынша, оның балалары бір-біріне өте бауырмал. Үлкендері ешқашан ренжіген емес, керісінше, кішкентайларға қамқорлық көрсетіп, көмектесуге тырысады. Олар анасына кенже балаларға көбірек уақыт бөлуін сұрап, әр жаңа нәрестенің өмірге келуін үлкен қуанышпен қарсы алады. Тіпті қонаққа келген балалар да олардың отбасына тез сіңісіп, кеткілері келмей жатады.

Гүлназ кез келген әйелге өзіне уақыт бөлу маңызды деп есептейді. Таңертең бет күтімін жасайды, ал дене белсенділігі үй шаруасымен және дала жұмыстары арқылы жеткілікті болады дейді көпбалалы ана. Әсіресе, көктем мен күз айларында далада көбірек қимылдап, жаттығулар жасайды.

Талқылау