Мемлекет басшысы: Халықаралық келісімдер мемлекеттік органдардың кабинеттерінде жатып қалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы халықаралық келісімдердің "тоқырау" мәселесіне назар аударып, инвестициялық жобаларды қолдаудың нақты алгоритмін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тиімділігіне қатысты мәселеге де тоқталды.
“Бүгінде инвестиция тартудың барлық сатысында формализм мен келісімге келудің ұзаққа созылатын ішкі үдерістері әлі де басымдыққа ие екенін білеміз. Соның салдарынан инвесторлар қажетті шешімді айлап, жылдап күтіп қалады. Осыдан барып олар инвестициялық жобаларды кейінге қалдырады немесе басқа елге кетеді. Халықаралық келісімдердің мемлекеттік органдардағы кабинеттерде жатып қалуына, сондай-ақ келісімдерді ратификациялау ісінің көп жылға созылып кетуіне қатысты мысалдар жеткілікті. Бұрын солай болған, ол қазір де бар деп ойлаймын. Ал мұндай келісімдерге өзге елдерде бір-екі айдың ішінде қол қойылады. Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек. Кеңеске Үкіметпен бірлесіп, аталған мәселені пысықтауды тапсырамын”, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларды қолдау үшін "KazakhExport" ұлттық компаниясының трансформацияланғанын атап өтті. Ол енді отандық өнімді сатып алатын шетелдіктерге несие субсидиялап, экспортқа қатысты келісімдерге кепілдік бере алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік кедергілерді жою, реттеуші және фискалдық саясатты жетілдіру жөніндегі жұмыстарды күшейтуге арнайы тоқталды.
“Біздегі салық заңнамасының жетілдірілетінін растаймыз. Мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, тұрақтылық пен қарапайымдылық қағидаттары негізгі постулаттарға айналады. Сонымен бірге салық режимінің тұрақтылығына қатысты инвесторлардың талап-тілектерін түсінемін. Салық заңнамасын өзгертуге жеңіл қарамаған жөн. Аталған мәселеге салық жүйесінің тұрақтылығын сақтап, инвесторлар үшін қолайлы болуын ойластырып барып кірісу керек. Үкіметтің алдындағы қазіргі міндет осы”, – деді президент.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
