Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының қателіктерін тізіп шықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жіберген қателіктерін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тоқаев

"Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы басшылықтың науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша жасаған барлық болжамдары да қате болды.

Сонымен қатар, Тоқаев ДСМ басшылығы жіберген тағы бір кемшілікке тоқталды.

"Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады",- деді президент.

Бұдан басқа, мемлекет басшысы бас санитар дәрігердің сөзін ешкім тыңдамағанын атап өтті.

"Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз", - деді ол.

Бұған қоса Тоқаев пандемия кезінде денсаулық сақтау министрлігінің құзыреті жоғары болатындығын ескертті. 

"Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын", - деп қосты ол. 

Талқылау