Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал" Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция құяды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал" компаниясының атқарушы төрағасы Лакшми Митталмен Ақордада кездесу өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Ақорда

Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы болат құю және тау-кен өнеркәсібінің тұрақты жұмысына арналған инвестициялар жөніндегі ArcelorMittal жоспарлары, сондай-ақ "Көк болат" бастамасы шеңберіндегі ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді стратегиясы талқыланды.

Мемлекет басшысы экологияны жақсарту, жергілікті азаматтардың еңбегіне әділ ақы төлеу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және болат өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру қажеттігіне назар аударды.

Фото: Ақорда

Лакшми Миттал мемлекет басшысына ArcelorMittal компаниясының инвестициялар көлемі бойынша жоспарлары туралы хабарлап, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін растады.

Осы мақсатқа жету үшін компания келесі бағыттарда әрекет етуді жоспарлап отыр: 

- барлық жаңа жобалар үшін ең жақсы қолжетімді технологиялар көрсетіп отырған ұсыныстарды орындау;

- Теміртауда қуаты 100 МВт жел энергетикасы жобаларын іске асыру;

- 2022 жылдың соңына дейін 100 000 көшет және 2026 жылға дейін 500 000 көшет отырғызу;  

- Қарағанды және Теміртау қалаларындағы университеттермен ынтымақтастық арқылы Қазақстанда осы бағытта практикалық тәжірибе жинау үшін әлемдік сарапшыларды және ҒЗТКЖ (Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) қолдауына ие болу;

- қазақстандық кадрларды дамыту.  

Лакшми Миттал "жасыл сутегі" мен темір рудасының бай ресурстарына ие бола отырып, Қазақстан болат құю өнеркәсібінде заманауи технологияларды дамыту үшін жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.

Лакшми Миттал Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуық арада "АрселорМиттал" компаниясы Қазақстанға 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция құятынын, оның басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға, қоршаған ортаны қорғауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік және Қазақстандағы компания бөлімшесінің өндірістік қуатын тұрақты дамыту бойынша ірі жобаларды іске асыруға бағытталатынын жеткізді. 

Талқылау