Мемлекет басшысы Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы әуе қатынасы қайта іске қосылатынын мәлім етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы әуе қатынасы қайта іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Елімізде жолаушыларға арналған барлық әуе тасымалы тоқтады. Бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Дегенмен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, үкімет 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды. Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды. ", - деді Тоқаев.
Ол мұндай шараның азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет екенін ескертті.
Мемлекет басшысы карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес дейді.
"Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді", - деп қосты ол.
Осыған орай Тоқаев ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай 11 мамырда аяқталатынын жариялаған болатын.