"Мектепке хиджабпен кедергісіз кірді": Танымал журналист Айдана Меденованың қызын сынады
Фото: Видеодан скриншот
Танымал журналист Жазира Бегалы хиджабпен мектепке барған Айдана Меденованың қызын сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БАҚ өкілі Оқу-ағарту министрлігіне үндеу жасады.
“Әнші Айдана Меденованың әлеуметтік желілерде бейнежазбасы жария болды. Қызы хиджаб киіп, мектепке кедергісіз кірді. Тыйым қайда?! Бұл Оқу-ағарту министрлігіне сұрақ. Ал қарапайым адамның баласын мектепке жолатпай, “Рұқсат жоқ” деген заңды әке-шешесінің бетіне басып, оқушыны білім ордасынан қуып шығады. Мен кәмелет жасқа толмаған баланың хиджаб кигенін қолдамаймын. Министрлікке сұрағым бар. Заң мен талап баршаға ортақ. Атақты адамның баласына хиджаб киюге неге ешкім тыйым салмайды?! Ал қарапайым жандардың жүйкесін мұғалімдер мүжиді. Әділдік қайда?! Ата-анасы атақты балаға хиджаб киюге рұқсат беру бұл алалау емес пе?! Министрлік балалардың құқығын бұзуға неге жол берген?! Заң баршаға ортақ болуы керек”, – деп жазды журналист.
-
"Мектепке хиджабпен кіргізбеген": Түркістан облысында екі ер адам мектеп директорын соққыға жықты
-
Хиджаб киіп жүрген оқушылар мектепке бармай жүр ме – Оқу-ағарту министрі жауап берді
Еске салайық, Жоғарғы сот мектепке орамалмен келуге қатысты тыйымның алып тасталмағанын мәлімдеген еді.
Көпшілік Жоғарғы соттың хиджаб кигендерді мектепке кіргізбеуге қатысты шешімін қате түсінген. Оны желідегілер мектепке орамал тағып баруға болады деп түсінген.
“Істі қарау аясында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы – Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі. Сонымен қатар бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған”, – деп түсіндірді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
