Мектеп пен балабақша тұрғын үймен қатар салынуы керек - Аймағамбетов
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа әзірленген Құрылыс кодексінде ескерілмеген әлеуметтік мәселелер туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, мектеп пен балабақша үйлерден кейін емес, онымен бірге салынуы керек.
“Өткен жылы біз маңызды норма қабылдадық, көпқабатты тұрғын үйлер мектеп, балабақша және емхана салынбайынша тұрғызылмауы тиіс. Бұл ереже енді ғана іске асып келе жатқан еді. Алайда жаңа Кодекстің жобасында бұл талап ескерілмеген. Неліктен? Кімге тиімді? Бұл жай ғана қағаздағы тармақ емес, бұл адамдардың өмірі мен балаларының болашағы. Бүгінде тұтас ықшам аудандар бой көтеріп келеді, бірақ оларға лайық әлеуметтік нысандар жоқ. Мыңдаған отбасы жаңа үйлерге көшеді, ал балалардың баратын мектебі мен балабақшасы жоқтың қасы. Бұл әділетсіз. Біз егер мектеп, балабақша немесе емхана жобада қарастырылмаса, құрылысқа рұқсат берілмеуді нақты ұсынған болатынбыз”, - деді депутат.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, өткен жылы тағы бір маңызды норма - барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер терезелерінде қауіпсіздік құлыптары болуын міндеттейтін заң қабылданған. Бірақ, өкінішке қарай, әлі де балалардың терезеден құлап қаза табу оқиғалары бар.
“Бұл — бәріміздің ортақ шешіміміз еді. Бірақ жаңа Кодексте бұл талап та алынып тасталған. Неліктен? Мүмкін, құрылыс компанияларына "қымбат" болған шығар. Бірақ баланың өмірінен қымбат не бар? Егер осы норманың арқасында бір ғана баланың өмірі сақталса , оны енгізу міндетті. Біз осы үшін күресеміз”, - деді халық қалаулысы.
Аймағаамбетов жер астын білмей құрылыс жүргізуге болмайды деп есептейтінін де айтты.
“Бүгінгі күні геологиялық сараптама саласында тәртіп сақталмайды. Мамандар кейде учаскеге бармай-ақ "дайын" қорытынды сатып алуға болатынын айтады. Кейбірі көрші аумақтың ескі деректерін көшіріп, сол арқылы құжат жасайды. Нәтижесінде қағазда бәрі дұрыс, ал шындықта жарықшақ, шөгу, апат бар. Бұл адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер. Мемлекеттік және жекеменшік сараптама құрылыс орындарын тексеруге уақыты жоқ. Сондықтан бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет. Қажетті түзетулер дайын. Геологиялық бақылаусыз салынған ғимарат шын мәнінде "құм үстіне" тұрғызылған үй”, - деді ол.
Халық қалаулысы бизнес пен әкімдік арасындағы меморандумдардың шикі тұстарын да тізіп шықты.
“Қазір құрылыс компаниялары жиі әкімдіктермен меморандумдарға қол қояды. Алдымен тұрғын үй саламыз, кейін мектеп тұрғызамыз дейді. Бірақ іс жүзінде бұл уәделер орындалмайды. Сондықтан біз нақты тетік ұсындық, мұндай міндеттемелер заң жүзінде рәсімделуі тиіс. Ол жай сөз емес, нақты заңды жауапкершілік болуы керек”, - дейді депутат.
Аймағамбетов әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына мүгедектігі бар ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мектеп пен аурухана қабылдау кезінде білім және денсаулық сақтау саласының мамандары міндетті түрде қатысуы керек деп ұсынылғанын да атап айтты. Алайда жаңа құрлыыс кодексінде бұл да ескерілмеген.
Депутат сапасыз құрылыс пен заң бұзушылық үшін жауапкершілік күшейтілуі тиіс деп есептейді.
“Бүгінде сапасыз материалдар қолдану, құрылыс нормаларын бұзу жиі кездеседі. Себебі жауапкершілік тым төмен, айыппұл көлемі мардымсыз.Біз айыппұлдарды бірнеше есе өсіріп, қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынамыз.Алайда бұл да Кодексте әлі жоқ. Жоба бірінші оқылымда қолдау тапты. Бірақ екінші оқылымда осы нормалардың барлығы заңда нақты бекітілуі тиіс.Бұл заңның мақсаты – құрылысшылар мен инвесторларды емес, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау”. – деді ол.

"Олардың жанында өзімді қауіпсіз сезінбеймін": Қазақстандық әйел заңдағы тыйымға қарамастан никаб киетіндердің қоғамдық орындарда жүргеніне қарсы шықты
