Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олардың жанында өзімді қауіпсіз сезінбеймін": Қазақстандық әйел заңдағы тыйымға қарамастан никаб киетіндердің қоғамдық орындарда жүргеніне қарсы шықты

никабтағы әйел

Фото: ЖИ

Қазақстандық әйел бет-жүзді тұмшалайтын киімдерді киюге тыйым салу туралы ереже қабылданса да, әлі оны орындамай жүргендер барын айтты. Сөзінше, никаб киіп, бетін жапқандар барда ол өзін қауіпсіз сезінбейді. Ол мұндай жағдайда қайда жүгінерін білмейді. Ішкі істер министрлігі жаңа заңды түсіндіріп, көшеде бет тұмшалау фактілері анықталғанда не істеу керегін айтып берді.

Threads желісінде қазақстандық әйел тыйым салынғанына қарамастан, әлі де никабпен жүретіндер барын айтып шағымын жеткізді.

“Бүгін мен автобуста болдым. Никаб киген екі әйел мен ұзын сақалды жігіт мініп алды. Кейінірек олардың күйеуі мен екі әйелі екені белгілі болды. Мен оларға жақындап, қоғамдық көлікте мұндай киім киюге тыйым салынғанын айттым. Ер адам менен кетуімді сұрады. Содан кейін мен қатты дауыспен “террорист емессіңдер ме?" деп сұрадым. Ер адам орнынан тұрып, ашулана бастады. Әйелдер де ашуланып, мені қуды. Олардан қоғамдық тәртіпті бұзғандықтан, автобустан түсулерін өтіндім”, – деп жазды әйел.

Сөзінше, беті көрінбейтін адамдар қауіпті болуы мүмкін.

“Толығымен жабық киімдегі адамдардың қасында өзімді қауіпсіз сезінбеймін! Олардың бетін көрмей, ішінде не жатқаны белгісіз. "Мүмкін никабыңның астына бомба бар шығар, қайдан білейін?" дедім. Олар мені балағаттап, жынды деп атады. Сосын мен полицияға хабарласып, кімнің дұрыс екенін анықтайтынымды айттым”, – деді ол.

Әйел желіде мұндай жайтта кімдікі дұрыс екенін және қайда шағымдануға боларын сұрады.

Stan.kz тілшісі мұндай даулы мәселе бойынша бет-жүзді тұмшалайтын киімдерді кию тыйымын ішкі істер министрлігінен нақтылады. Мәлімдеулерінше, 12 тамызда күшіне енген заң адамдардың жеке басын анықтап, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

“Қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заңнамалық түзетулер – профилактикалық шаралар. Ол адам құқықтары мен бостандықтарына, оның ішінде діни сенім бостандығы құқығына нұқсан келтірместен жасалады. Медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда бет-жүзді жабуға рұқсат. Сондай-ақ тыйымның қызметтік міндет, азаматтық қорғаудың талаптарын орындау үшін, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қатысы жоқ”, – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.

Айтуларынша, тыйым тек бетін толық жауып тұратын және жеке басын тануға кедергі келтіретін маскаларға, балаклаваларға, бетперде мен никабтарға қатысты. Ал хиджаб, шейла, химар, әл-әмира және басқа да діни киімдерді кие беруге болады.

ІІМ бетін тұмшалап, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды көрген жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін "102" тегін көп арналы телефон нөміріне, Egov Mobile қосымшасы арқылы "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисіне, сондай-ақ "102" мобильдік қосымшасына жүгінуге болатынын айтады.

Еске салсақ, Қазақстанда қоғамдық орында бет-әлпетті жауып жүруге ресми түрде тыйым салынған еді.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 16:29
Талқылау