Мектеп мұғалімі Yenlik қалай танымал рэперге айналғанын айтты
"Доп" трегінің орындаушысы, рэпер Еңліктің (Yenlik) негізгі мамандығы - ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол Алматы мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. "Қызық Live" бағдарламасына сұхбат берген рэпер музыкаға қалай келгенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еңлік о баста рэпер болуды мақсат тұтпаған. Тек бос уақытында хобби ретінде айналысқан. Ал күндердің күнінде сәтті шыққан туындысы достарына ұнап, аяқ астынан рэпер атанған. Ал өзі қоржынындағы тректерді "заманауи терме" деп атағанды жөн көреді.
"Тректі жаздым, бірақ өзіме рэп болып көрінген жоқ, терме сияқты речитатив деп ойладым. Достарым "бұл рэп қой" деді", - дейді Еңлік.
Еңліктің "Доп" атты трегі YouTube-та 2,3 миллион қаралым жинаған. Жас мұғалім-рэпердің Instagram-парақшасында 42 мыңнан аса оқырманы бар. Өзі бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілінен сабақ береді. Әзірге екі сала бір-біріне кедергі келтіріп тұрған жоқ, дейді өзі. Алайда таңдау жасауға тура келсе, музыкаға түбегейлі бет бұратынын жеткізді.
"Бастауыш оқушылары онша білмейді. Жоғары сынып оқушылары танып, кейде суретке түседі. Әріптестерім біледі, бірақ қызығып сұрамайды", - дейді Еңлік.
Оның пікірінше, ұстаздық еткен де, рэп оқыған да халық үшін пайдалы. Әйткенмен:
"Бірақ "ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді" дейді. Егер ұстаз болсаң, өмірге көбірек пайда тигізіп, артыңнан із қалдыра аласың. Музыкамен де қалдыруға болады. Бірақ ол адамдардың есінде қала ма? Себебі уақыт өтпелі", - деді өзі.
Сол сияқты Еңлік шетелге кетіп жатқан қазақстандық өнерпаздарға қатысты көзқарасын білдірді.
"Өте жақсы қараймын. Әрине, бақты сынау керек. Қайтып келу үшін барса, қолдаймын. Өзім де соған ниеттеніп жүрмін. Жоспарда бар", - деді ол.