Тараптарды татуластырып, шешім қабылдауға көмектеседі: Қазақстандағы медиаторлар қызметі туралы білесіз бе
Қазақстанда азаматтардың көпшілігі дауды сотқа дейін шешуге мүмкіндік беретін медиация қызметі туралы біле бермейді. Медиация елімізде 2011 жылы заңдастырылған. 12 жылдың ішінде елде аталмыш сала жетіліп, бүгінде 5 мыңнан аса медиатор өз қызметін ұсынады. Медиаторлар қарапайым отбасылық дау-дамайлардан бастап, күрделі қылмыстық істерді де шешуде көмек көрсетеді. Stan.kz тілшісі “Қазақстан медиаторлар қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Жанділдә Жакуповпен сұхбаттасып, медиация саласының қыр-сыры туралы біліп көрді.
Жанділдә Жакупов
Қазақстандағы медиация қызметінің жай-күйі
Жанділдә Жакупов – медиатор қауымдастығының директоры және “Халықаралық құқық қорғау орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Медиация саласына келмей тұрып маман ҰҚК-де қызмет еткен. 2004 жылы зейнетке шыққан ол Қазақстанда медиация саласының дамуына үлес қосты. Жанділдә Жакупов өз сөзін елдегі медиация рәсімінің жай-күйі жайлы айтудан бастады.
“Қазіргі уақытта “Халықаралық құқық қорғау орталығы” еліміздің барлық аймағында филиалын ашқан. Барлығы 1800-ге жуық медиатор орталықта білім алып, оның ішінде 500-де аса медиаторымыз белсенді жұмыс істейді. Медиатор қызметіне қатысты заң Қазақстанда 2011 жылы қабылданған. Осы кезеңнен бастап біз 5 мыңнан аса медиаторлық кездесу өткіздік. Сонымен қатар кәсіби медиаторларды дайындаймыз. Бұдан бөлек Орталық Азиядағы медиаторлар қауымдастығын да аштық. Үлкен қауымдастық ашу туралы бастаманы өзім көтеріп, құрылу барысында да басы-қасында болдым. Әзірге құрамында Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан бар. Медиация саласы ТМД елдері арасында Қазақстанда жылдам қарқынмен дамып келе жатыр", – дейді ол.
Сонымен қатар 2019 жылы медиаторлар қызметіне қатысты БҰҰ-да Сингапур конвенциясы қабылданған. Бұл конвенцияға Қазақстан 2020 жылы қосылып, 2022 жылы конвенцияны елде заңдастыру туралы құжат қабылданды.
"Конвенцияны ТМД елдері қатарында Беларусь пен Қазақстан ғана заңдастырып отыр. Айта кетері, медиация Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мәселен, татуластырушы судья деген қызметкер бар. Солардың арқасында сотқа түскен істердің 33%-ы медиациялық татуласу арқылы дау шеңберінде ортақ шешімге келеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделіп отыр", – деп қосты ол.
Жанділдә Жакуповтың сөзінше, медиациялық келісім барысында шешімді екі тарап қабылдайды. Сондықтан мұндағы келісімнің орындалу ықтималдығы жоғары екен.
"Сотта шешімді судья шығарады, ал медиация барысында шешімді дауласқан тараптар қабылдайды. АҚШ-та даулардың 93%-ы сотқа жетпей-ақ медиация кезеңінде шешіледі. Оның үстіне АҚШ сынды елдерде мұнда медиаторлар қызметінің пайда болғанына 60 жылға жуықтаған. Тіпті бізде де кәсіпкерлер арасында дау туындаса, көпшілігі сотқа жүгінбей, мәселені медиация арқылы шешуге тырысады. Өйткені сотқа бару көп уақыт алады, оның үстіне артық ақшалай шығындар қосылады. Ал медиация рәсімі 5-8 күнге ғана жалғасуы мүмкін", – дейді маман.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы медиация қызметіні үйлестіру жұмыстарын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүзеге асырады.
"Медиация қызметін үйлестіру жұмыстарын министрлік 2017 жылдан бастады. Оған дейін медиаторлар "жетім қозыдай" еді. Ақпарат министрлігі елдегі медиаторлар мен судья-медиаторлардың тізілімін жүргізеді. Сондай-ақ медиация ұйымдарын тіркейді. Қазіргі уақытта елде 60-қа жуық медиация ұйымы, 2-3 мыңдай кәсіби медиатор мен 1 мыңдай қоғамдық медиатор бар. Өкінішке қарай Қазақстанда медиаторлар туралы нақты статистика жоқ. Алдағы уақытта Ақпарат министрлігі бұл статистиканы ұсынуы керек", – деп қосты Жанділдә Әжіғалиұлы.
Медиатор қызметіне қалай жүгінуге болады?
Азаматтар медиаторларлың көмегіне кез келген іс бойынша және кез келген уақытта жүгіне алады екен. Дегенмен медиатор қызметіне тек екі жағдайда шектеу қойылады.
"Медиатор қызметіне азаматтар сотқа дейін, сот кезінде және соттан кейін де жүгінуге құқылы. Бұрын тараптардың бірі мемлекеттік орган болса, медиатор іске араласа алмайтын. Бірақ 2021 жылы қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілген соң бұл тыйым алынып тасталды. Айта кетейік, медиация рәсімі жүргізілмейтін екі жағдай бар. Біріншісі – сыбайлас жемқорлыққа қатысты істе, екіншісі сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекеті шектеулі деп танылған азаматқа қатысты істе медиация рәсімі жүзеге асырылмайды. Өзге барлық жағдайда, ауыр қылмыс болсын, жеңіл қылмыс болсын медиация рәсімі қарастырылады. Әйткенмен өте ауыр қылмыста шешім мемлекет мүддесіне қарсы келмеуі керек. Тіпті айыпталушыға қатысты сот үкімі шығып қойса да, тараптар медиация рәсімі арқылы келісімге келіп, сотталушы мерзімінен бұрын босап шыға алады немесе жаза мерзімін қысқартады", – дейді маман.
Маманның айтуынша, медиатор қызметіне дауласқан тараптардың барлығы жүгінуге міндетті емес. Егер бір тарап медиация рәсіміне жүгінсе, әрі қарайөзге тараптарды келістіру және медиациялық келісімге шақыру медиатордың міндеті дейді.
"Азаматтар медиация қызметіне міндетті түрде екі тарап бірге келуі керек деп есептейді, бірақ бұл – қате пікір. Медиацияға кез келген тұлға немесе оның ресми өкілі жүгіне алады. Рәсім дауласқан тараптар медиация туралы келісімге қол қойғанда басталады. Аталмыш келісімшартта тараптың міндеті мен құқығы, медиатордың жауапкершілігі қарастырылған. Медиатор тараптарға дауды қалай шешу керегі туралы кеңес бере алмайды. Айтып өткенімдей, шешімді тек дауласқан тараптар қабылдайды. Медиатор тек дауды шешуге жол бастайды", – деп түсіндірді маман.
Жанділдә Жакупов дауласқан тараптар медиатормен жекелей де, бірге де кездесе алатынын айтады.
"Кейде тараптар арасында қатты дау туып, бетпе-бет кездесуден бас тартады. Мұндай жағдайда әр тарап медиатормен жеке кездеседі. Мысалы, біздің медиаторлардың бірі дауласқан жұпқа көмектесіп, күйеуімен 18 рет, әйелімен 18 рет кездескен. Тек 37-кездесуде тараптар бетпе-бет кездесіп, медиациялық келісімге келді. Менің де тәжірибемде ұлтаралық даулар болған. Сонымен қатар медиациялық келісімге онлайн, бір-бірімен кездеспей қол қою мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті медиация рәсімін онлайн жүргізу тәжірибесі де қолға алынды", – дейді ол.
Өз сөзінде маман медиатор қызметінің артықшылығы туралы да айтып берді.
"Қос тараптың арасында қатты жанжал туындаса, медиатордың көмегін жүгінген тиімдірек. Себебі қорғаушы тараптардың мүддесін қорғайды. Ал медиатор тек делдал қызметін атқарады. Тараптар арасында түсінпеушілік туындамау үшін "Біз кеңесші емеспіз, біз ешкімді қорғамаймыз" деп айтып отыруға болады. Медиация рәсімі ұзаққа созылмайды, 1 аптаның көлемінде тараптар ортақ шешім шығарады. 20 күннен асып кететін жағдайлар өте сирек кездеседі", – деп қосты маман.
Медиаторға қойылатын талаптар қандай?
Жанділдә Жакупов медиаторларға қойылатын талаптар туралы да айтып берді. Оның пауымдауынша, заңгерлер мен психологтарға медиатор болу қиынға соғады.
"25 жастан асқан, жоғары білімі бар азамат кәсіби медиатор бола алады. Бұл үшін 48 сағаттық оқудан өтеді. Азаматтың қандай оқу орнын аяқтағаны маңызды емес. Курсты аяқтаған соң шағын емтихан тапсырып, сертификат алады. Бұдан кейін азамат медиаторлық ұйымдардың тізіліміне тіркеледі. Тіркелу тегін. Медиаторлық ұйымдар өзін-өзі басқарады, яғни ішінде өзінің тәртіптік комиссиясы, кеңесі болады. Бұдан дейін де айттым, медиатор – заңгер емес, ол шешім қабылдауға араласпайды. Сондықтан заңгерлер мен психологтарға медиатор болу қиынға соғады. Себебі сөз арасында заңгер ретінде пікір білдіріп қойса, медиациялық рәсімнің быт-шыты шыққаны деген сөз", – деп аяқтады маман.