Мәжілісте харассмент жасады деп айыпталған Садықовтың орнына жаңа депутат сайланды
Мәжілісте харассмент жасады деп айыпталған Асқар Садықовтың орнына Серік Ерубаев сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжіліс
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов 2 қазанда жаңа депутатты таныстырды.
“Бүгін мәжілістегі “Ақ жол” партиясы атынан қатарымызға депутат Серік Ерубаев қосылды”, – деді Қошанов
Сонымен қатар Серік Ерубаев мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына қосылды. Комитетті Снежанна Имашева басқарады.
"ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" Заңының 14-бабына сәйкес, палатаның отырысында тұрақты комитеттердің мүшелері сайланады. Осы орайда депутаттың өтінішін ескере отырып, мәжіліс депутаты Серік Ерубаевты Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайлауды ұсынамыз", – деді Снежанна Имашева.
Серік Ерубаев “Ақ жол” партиясы төрағасының аймақтармен жұмыс бойынша орынбасары болған.
Еске салайық, бұған дейін "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Орталық сайлау комиссиясының мәжіліс депутаты Асқар Садықовты харассмент жасағаны үшін мандатынан айырғанын айтқан еді. Сөзінше, ол парламент қызметкерінен Садықовтың бірнеше рет харассмент жасағаны туралы мәлімдеме алған. Дәлел ретінде хат алмасудың скриншоты жарияланды.