Мәжіліс депутаттарға аналарын мінберден құттықтауға рұқсат берді
Видеодан скриншот
Мәжіліс жуырда өткен жалпы отырыста анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаровтың әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парламенттің төменгі палатасы Ардақ Назаровтың әрекетінен регламент немесе депутаттық этика нормаларын бұзу фактілерін таппағанын мәлімдеді.
"10 қыркүйекте мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жариялау кезінде депутат Ардақ Назаровтың анасына жолдаған құттықтауына қатысты депутаттың әрекеті парламент пен мәжілістің регламентін, оның ішінде депутаттық этика нормаларын тікелей бұзбайтынын атап өтеміз", – делінген Tengrinews.kz басылымына берген жауапта.
Мәжіліс бұл баяндаманың "пленарлық отырыс барысына әсер етпегенін және тиісті деңгейде айтылғанын" атап өтті. Демек депутаттарға аналарын мінберден құттықтауға рұқсат етілген. Бастысы Назаров сияқты жөнді түрде құттықтау қажет дейді. Бұл ретте мәжіліс парламенттік мінберді тек мақсатына сай пайдалану керегін қосты.
Еске салсақ, бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал қою үшін микрофон сұраған депутат Ардақ Назаров сөзін анасын туған күнімен құттықтаудан бастағаны үшін сынға қалған еді. Кейін депутат Ардақ Назаров өзін сынағандарға жауап берді.

"Несиенің пайыздық мөлшерлемесі азаяды": Сарапшы коммерциялық банктер тұрғын үй жинағын енгізсе қандай өзгерістер болатынын айтты
