Мәжіліс депутаты: Дүнгендердің балаларының бірде біреуі Қазақстанның қарулы күштеріне бармайды
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Қордайдағы қазақ пен дүнген арасындағы мәселелер жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы шенеунік өзінің Facebook парақшасында жазып кетті. Сөзінше, үкіметтік комиссияның құрамында жүріп, бірнеше жағдайды өз көзімен байқапты. Депутат дүнгендердің ақсақалдары басын иіп тұрып, қазақтардың алдында кешірім сұрапты.
"Екі жақтан ақсақалдарды шақырып, кеңес құрдық. Бес ауылдың бәрінен өкілдерін жинадық. Дүнген жағынан қариялар басын иіп тұрып, жастардың бұзақылығы, үлкендердің тәрбиеде жіберген олқылығы үшін қазақтардан кешірім сұрады. Тараптар қол алысып, мәмілеге келді. Дүнген қариялары қазақтарды мешіт жанында мұсылман болып бас қосып, мал сойып сыйлап, татуласуға шақырды. Татулық керек. Ұлттық ұлан кейін кетеді. Демек, жергілікті жұртшылық өзара бітіспей, келісімде өмір сүрмей болмайды", - деп жазыпты депутат.
Тағы оқыңыз
- Депутат Бақытбек Смағұлдың Қордай жайлы айтқандары рас па
- Қордайда ауыл тұрғындары қайта жиналды: Бұл жолы не жағдай болды
Бұған қоса ол ауылдардағы жаман жолдар жайлы айтып кетті.
"Жолдар жағдайы нашар. Басты жол Масаншы ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Жергілікті тұрғындар оған жақын үй салып тастаған, аула көріп, жолға кесе-көлденең машиналарын қойып қояды да, қазақтардың өтуіне кедергі келтіреді. Кикілжіңнің тууының бір себебі де жолға қатысты қақтығыстар. Дүнген көлігімен келе жатса, қазақтың көлігіне жол беруін талап ететін көрінеді. Жергілікті қазақтар жағы: «Басқа жол салып беріңіздерші, бұл жолды дұңғандар алып қойды, өткізбейді» деген шағым айтты. Қосымша жол ашылмайды. Дүнгенге көлігін жолға қоюға тыйым салынады. Қара жол қалпына келтіріліп, баршаның ортақ игілігіне айналуға тиіс", - деп қосты шенеунік.
Айта кетерлік жайт, Бақытбек Смағұл дүнген жігіттерінің әскерге бармайтыны туралы пікір блдірді. Бұған қоса жиынға келген жастардың тәрбиесіздігін айтып, сөгіп тастады.
"Дүнгендердің балаларының бірде біреуі Қазақстанның қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолы артына қайырылып, кісен салынып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын. Біз жиын өткізгенде қазақ жастары жасы үлкендерді үнсіз тыңдады. Сөзді арсыздықпен бөлмеді. Дүнген жастары арасында қазақша сөйлейтін белсенділері болды. Бірақ оларға инабаттылықты үйренген жөн секілді. Дүнген ауылдарына да шектен шыққанды қалыпқа қайтаратын, тентекті тойтаратын ақсақалдар кеңесі секілді беделді, құрметті адамдар алқасы керек екенін айттық. Ол кеңес құрылатын болды. Қазақстан халқының бір бөлігі болғысы келсе, тәртіпке көнуі міндет!", - депті ол.
Десек те мәжіліс депутаты дүнгендерді еңбоқорлығын атап өтті.
"Әділін айтайық, дүнгендер жер емген, өте шаруақор, еңбексүйгіш халық. Ауылдарын өздері абаттандырып, көгалдандырып қояды. Арақ сатылмайды, оны ішпейді. Ал жиынға сылқия тойып келген бір-екі қазағымыз болды. Оларды: «Ұлтымызды масқараламай, үйіңде отыр!» деп үйіне жібердім. Бірақ дүнгендердің жаман жері – Нью-Йорктегі және басқа елдер қалаларындағы «Чайна-таун» сияқты жинақы әрі жеке тұрады, араларына өзге этностарды көп жібере қоймайды. Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз.
Олар мемлекеттік тілді білуі, салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз? Осыған байланысты қойылуға және орындалуға тиісті талаптардың барлығын айттық. Бұл бағытта да үлкен жұмыс істелуі қажет", - деді депутат.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қордайдағы жағдайға байлынысты Бердібек Сапарбаев бастауымен үкімет комиссиясы құрылып, Жамбыл облысында халықпен кездескені жайлы айтылған еді.