Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Бақытбек Смағұлдың Қордай жайлы айтқандары рас па

Қордайдағы қақтығыстан кейін аймаққа арнайы барған үкіметтік комиссия мүшелерінің кейбірі жұмыстарын қорытындылап, есептерін жариялай бастады. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл оқиға болған Масанчи ауылына барып, жергілікті жағдайды өзінше түйіндеп әлеуметтік желідегі парақшасына жазған. Желі қолданушылары депутаттың жазбасын бөлісіп, қызу талқылап жатыр. Алайда Бақытбек Смағұл жазған деректердің кейбірі ресми мәліметтерге сәйкес келмейді екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Смағұл

Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетіне мүше Бақытбек Смағұл жергілікті халықтың айтқанын саралап, он тармақтан тұратын өз қорытындысы жазды. Оның айтуынша, бұл - бір жарым ғасырдан бері келе жатқан мәселе. Комиссия мүшелері екі жақ тараптың ақсақалдарын шақыртып, оларды өзара бітімдесуге көндірген. Масанчи ауылдың жолдың нашарлығы мен ауыл жастарының тәрбиесіне де тоқталып өткен. Тіпті депутат дүнген балаларының Қазақстанның қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді деп жазыпты. 

"Әскери бөлімдегілер жігіттерді шақырту керек қой. Өздігінен-өзі қазір кім барады әскерге? Ешкім іздемеген, ешкім бармаған. Сосын не болады? Әскерде жүріп жігіттік сипат алар еді жастар. Басқаларымен танысар еді, елдің жағдайын түсінер еді", - деді депуттатың өзі. 

Бірақ қорғаныс министрлігініңң дерегі - басқа. Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, былтыр Қордай ауданынан 342 бозбала әскерге аттаныпты. Олардың 35-і этникалық дүнген. Яғни депутат айтқан факт жалған. Мұны жергілікті дүнгендер де растайды. 

"Менің екі ұлым әскерде жауынгерлік борыштарын өтеуде. Мен осында туып-өстім. Топырағым осы жерді бұйырады деймін", - деді Масанчи ауылының тұрғыны Илияс Цевас

Депутат айтқан 10 тармақтың бірі - мешіт. Дүнгендерде тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын ҚМДБ сайламайды деп Бақытбек Смағұл сенімді жазды. Алайда діни басқарма жергілікті халықтың пікірін ескеріп, арнайы комиссиямен имамды біз тағайындаймыз дейді. 

"Егер жергілікті жамағат бір ауыздан осы имам біздің мешітті басқарсын деп ниет білдірсе, біз діни басқарма ретінде олардың өтініштерін қанағаттандырып, қызметке қабылдайды. Мақсатымыз - сол халықтың пікірін ескеріп, сол тұлғаны имам қылып сайлау", - деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай. 

Одан бөлек комиссия мүшесі дүнгендер Наурыз мейрамын тойламайды, оқушылар мектеп мұғалімдеріне бағынбайды деді. Депутаттың айтуынша, дүнгендер диқаншылықты кәсіп еткен өте еңбекқор халық, бірақ олардың топтанып, бірге тұруына жол бермеу керек екен. 

"Үйдің де, көліктің де шығыны өтеледі. Бірақ бұл жерде адам шығыны бар. Оны қалай өтейді? Биліктің де көптеген олқылықтарын ескеріп кетейік. Оны жасырып қайтеміз", - деп қосты Смағұл. 

Мәжіліс депутаты 10 тармақты тұрғындармен тілдескен соң жазғанын айтты. Соңғы тармақта қару-жарақ жайлы сөз болыпты. Қақтығыс болған күні қаза тапқандардың біразы оққа ұшқан. Осы жайттарға заң органдары баса мән берулері керек дейді депутат. 

Талқылау