Мәжіліс депутаты Бағанашылдағы дауға қатысты Алматы облысы әкімінің қызметтен кетуін талап етті
Фото: Бақытжан Базарбек/Марат Сұлтанғазиев
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты дауға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қызметінен кетуін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бақытжан Базарбек бұл талап-арызын Faсebook-тегі парақашсында жариялады.
“Бағанашылдағы балалар үйі төңірегіндегі бассыздық пен жұрт алдында беріліп, орындалмаған уәде үшін мен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің отставкаға кетуін сұраймын”, – деп жазды депутат.
Арнайы санатты балалар үйі Қонаевқа көшпейді. Президент мекемені көшіруді тоқтатып, қызметтік тексеріс тағайындады. Ең дұрыс әрі әділ шешім. Бір жыл бұрын бұл жер телімінің біреудің көзіне түскенін айтқан едім. Наурызда Алматы облысының әкімді көшірмейміз деп уәде берді. Бірақ сөзінде тұрмады. Соңында күштеп көшірмек болды. Сонда бәріне президент араласу керек пе? Оқу ағарту министрі қайда? Ешкімге белгісіз “Астанақұрылыссервис” ЖШС балалар үйін салуға техникалық қорытынды берген. Бірақ ол қорытындыны ешкім жария етпеді. Тіпті парламент мәжіліс депутаты ол қорытындыны көзбен көріп, қолымен ұстап көрген жоқ. Неге жасырады? Тек Алматы облысы әкімі ғана емес, Алматы облысы білім басқармасының басшысы, заңсыз көшіру жұмыстарына қатысы барлық мемлекеттік органдар да жауапқа тартылуы керек”, – деді Бақытжан Базарбек.
Желі қолданушылары мәжіліс депутатының өтінішін қос қолдап қолдады. Олардың арасында “НеМолчи” қорының басшысы Дина Таңсәрі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның да көпшілікке берген уәдесін орындауға қауқары жетпегенін айтты.
“Динара Закиева да уәде берді, бірақ сөзінде тұрмады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен Балалардың құқықтарын қорғау комитеті – шын мәнінде бейқам мекемелер. Олар қорған бола алмайды. Комитеттер саны көп болғанымен, балаларға жасалатын зорлық-зомбылық тоқтамаған жоқ”, – деп жазды Дина Таңсәрі.
“Отставка аз, нақты жаза берілмесе, озбырлық тоқтамайды”, “Балаларды жайына қалдырсын. Балалар үйіне жөндеу жұмыстары қажет болса, жөндеп берсін. Сізбен толықтай келісемін”, “Қолдаймын, бұл заңсыздық, лауазымын асыра пайдалану”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Алматыда Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 Алматы облыстық балалар үйі жазда Қонаевқа көшірілетіні туралы ақпарат тарап, балалар үйінің түлектері нысанның Қонаевқа көшірілуіне наразылық білдірген еді.
Желіде пайда болған шудан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескенін, балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеген.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
