Майкл Джексонның рөлін ақ нәсілді актердің сомдауы көпшіліктің наразылығын тудырды
Жаңа телефильмде танымал британиялық актер Джозеф Файнс Майкл Джексонды сомдайтын болды. Онсыз да нәсілшілдік дерті асқынып тұрған кезде, бұл отқа май құйғандай болды. Лезде таралған осы жаңалық қара нәсілділерді кемсітушілік деп бағаланып жатыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Фил Эдгар-Джонстың «Элизабет, Майкл және Марлон» деп аталатын фильмі 2001 жыл 11 қыркүйектегі терактіден кейінгі Джексон және Марлон Брандо мен Элизабет Тейлордың Нью-Йорктен өзге қалаға қоныс аударуы туралы баяндайды.
«Бұл комедия. Майкл, Марлон Брандо және Лиз Тэйлор сол уақыттарда үлкен концерт береді. Алайда сол күнгі оқиғаға орай әуе кеңістігі жабық болып, олар қаладан шыға алмай қалады. Осы кезде Майклдың ойына жалға көлік алу туралы ой келеді. Сосын олар үшеуі сол көлікке отырып, Лос-Анджелеске тартып отырады. Олар сапар барысында қызық оқиғаларға кезігеді. Бұл көңілді саяхат жұлдыздарды жаңа қырынан ашуға мүмкіндік береді», – дейді Файнс.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары қара нәсілді музыкантты ақ нәсілді актердің ойнайтынына наразылық білдірген. Бұл әлемдік шоу-бизнестегі нәсілшілдік науқанымен тұспа-тұс келген дауға айналып отыр. Осыған дейін «Оскар» сыйлығына үміткерлердің арасына ешқандай қара нәсілді актер немесе режиссер енбеген болатын. Осы себепті көптеген жұлдыздар бұл салтанатты кешке бармайтындарын хабарлаған еді.
Файнсқа қатысты жаңалық та әлеуметтік желідегі пікірлер тасқынын үдетіп жатыр. Бір әлеуметтік желі пайдаланушысы, Майкл Джексонның рөлін ақ нәсілді актердің сомдауын қара нәсілділерді қорлау деп атаған. Ал енді біреулері продюсердің бұл әрекетін дұрыс деп ойлайды.