Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Майкайнзолото" шахтасындағы құтқарушылардың қазасы: Полиция тергеу жұмыстарын бастады

Полиция Павлодар облысындағы "Майкайнзолото" АҚ шахтасында құтқарушылардың өлімінен кейін осы оқиғаға қатысты тергеу бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Майкайн 2

Павлодар облыстық ІІД бастығының орынбасары Рашад Өтеуовтің айтуынша, екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

“Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында”, – деп қосты Өтеуов.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені хабарланған. Кейін екі адамның қаза тапқаны хабарланды. 



Автобуста 4 адам - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының қызметкерлері болған. Шұңқырдың ұзындығы – 150-200 м, ені 500 м, опырылым тереңдігі 150 м екені айтылады. Бұған дейін топырақтың құлау қаупіне байланысты жұмыстар күрделене түсуде екені хабарланған.

Сондай-ақ денесі табылған екі құтқарушының есімдері аталған. Сарқыт Берліқан, 23.10.1999 ж. т. және Олег Тышкевич, 18.09.1970 ж. т. тағы екі құтқарушыны іздеу жалғасуда. Өзге зардап шегушілер жоқ екені айтылады.

Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майкайнзолото" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ ТЖД құтқарушылары жұмылдырылған. Барлығы 44 адам, 13 техника және бір ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұмылдырылған.

Талқылау