Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майқайың кенішінде шұңқырдың ортасына жақындаған сайын қауіп артуда – Төтенше жағдайлар департаменті

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті Майқайың алтын кенішінде шұңқырдың ортасына жақындаған сайын опырылып құлау қаупі артып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, "Майқайыңалтын" АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған учаскеде опырылған жердің түбіне техника өтуі үшін колонна жолы кеңейтіліп жатыр.

Тәулік бойы 20 ауыр техника жұмыс істеп тұр. Жұмыстың барлық кезеңінде 180 мың тоннадан астам топырақ пен тау жынысы шығарылды. 

Жер қозғалысын уақытылы анықтау үшін құлау аймағы тұрақты бақыланады. Іздестіру-құтқаруға барлығы 141 адам, 50 техника, кинологиялық бригада және екі дрон жұмылған.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені хабарланған. Кейін екі адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Автобуста 4 адам - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының қызметкерлері болған. Шұңқырдың ұзындығы – 150-200 м, ені 500 м, опырылған тереңдігі 150 м екені айтылады.

Бұған дейін топырақ опырылып түсу қаупіне байланысты жұмыс күрделенгені хабарланған.

Сондай-ақ денесі табылған екі құтқарушының есімдері аталды. 

  • Сарқыт Берліқан, 23.10.1999 ж. т.
  • Олег Тышкевич, 18.09.1970 ж. т.

Тағы екі құтқарушыны іздеу жалғасып жатыр. Өзге зардап шегушілер жоқ екені айтылды.

Еске салайық, күні кеше Павлодар облысында автобустың шахтаға құлап кеткен сәті түсірілген видео тарап еді. 

Талқылау