Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майғазиев: Мен емес, басқа қызметтегілер "жұлдыз" ауруымен ауырады

Сәкен Майғазиев өмірінде "жұлдыз" ауруына шалдығып көрмеген. Бұл өзінің сөзі. Себебі өнер әлеміне еңбекпен, ізденіспен, қиыншылықпен жеткенін жақсы біледі. Бір кездері табаннан тозып жүрген әнші бүгінде өнерде өз орны бар тұлға. Әнші өткені мен болашағын, өмірде көрген сатқындықтар мен өз басынан өткен күйзелістер жайлы тарқатып айтты. 

Бұл туралы әнші "Жиырма бесінші сағат" бағдарламасында айтты.

Сәкен Майғазиев қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шу елдімекенінде туып-өскен. Әкесі өз аумағына белгілі есепші маман болған. Ел құрметтеген азамат еді. Әнші өмірінде үш тұлғаны өзіне үлгі тұтады. Оның бірі - әкесі.

"Мен өмірімді ең бірінші Пайғамбарымызды (с.ғ.с) үлгі етем. Одан кейін әкем. Үшінші Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты үлгі етем. Кейде ашуым келіп, әлдекімге жұдырық ала жүгіретіндей ашуға булықсам, осы үш кісіне еске алам. Осылар осылай әрекет етер ме еді деп ойланамын. Менің әкем қарапайым есепші болды. Жағдайымыз жақсы болды, қарапайым өмір сүрдік. Ақшамыз бар болса да әкем байлыққа, бай болуға қызыққан жоқ. Елде жоқ дүниені алған жоқпыз. Әкем ел қатарлы өмір сүргеніміз жақсы деп үйретті", - дейді әнші.

Майғазиев пандемия кезінде өзін керексіз адам ретінде сезініп, күйзеліске түскенін айтады. Бұл орайда бауырға да, анаға да уайымын айта алмайтын күндерді бастан өткерді. Бұл ретте жарым демеушім болды дейді өзі.



"Анаға да, бауырға да айта алмайтын күйзелістер, уайымдар болады. Пандемия кезінде сондай уақытты бастан өткердім. Тек Алламен ғана болдым. Аллаға құлшылық етіп, сырымды айта алдым. Бұл кезде жарым қолдау көрсетті. Бәрі жақсы болады деп сендірді", - дейді Майғазиев. 

Қазір әншілер емес, әр қызмет өкілі жұлдыз ауруымен ауырады дейді әнші. Бұл орайда көзбен көрген оқиғаларымен мысал етті. 

"Әйелім қызымды өмірге әкеліп, перзентханада жатқанда мен бір заттар апаруым керек болды. Барсам медбике жазу жазып отыр екен. Маған қарамастан сөйлеп жатыр. Амандасып, жағдайымды айтып едім, қарсы болды. Ішке кірмейтінімді айтты. Бір уақытта қаламын қойып маған қарады да, күле салды. "Сіз екенсіз ғой" деді. Сонда мен бе жұлдыз болып тұрған, ол ма? Әркім өз қызметін пайдаланғыс келеді. Адамдардың мұқтаждығын біліп, жұлдызға айналған. Адамдар жалынған сайын, өзін кереметпін деп санайды. Сонда менің орнымда басқа болса, кіргізбей ме? Кей жағдайлар болады. Мені танып тұрып, танымайтындай болатын қызметкерлер бар. Танып тұрса да, аты-жөнімді сұрап, кім екенімді сұрайтындардар бар. Әнші болсаң, өзіңе әншісің дейтіндер бар. Ондайға кісілік танытпай, сұрағына жауап беремін", - деді әнші. 

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Сәуір, 2021 14:54
Талқылау