Мәскеу мен Киев келіссөздерді тоқтатты: Келісімге келуге не кедергі?
Украина мен Ресей арадағы келіссөздердің тоқтатылғанын мәлімдеді. Соңғы рет екі ел өкілдері Түркияда наурыз айының соңында кездескен. Бұдан соң Мәскеу келіссөздерді қашықтан жүргізетінін айтқан. Ал Украина келіссөздердің президенттік деңгейде өткенін қалайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Келіссөздердің тоқтағаны туралы Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко мен Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Михаил Подоляк мәлімдеді.
"Келіссөздер жалғаспайды. Украина келіссөз процесінен шығып кеткен", – деді Руденко "Валдай" пікірталас клубының конференциясында.
"Келіссөз уақытша тоқтатылды. Бірақ ол жалғасады және менің ойымша, Зеленский модератор болады", – деді Подоляк ұлттық телемарафонда.
Оның сөзінше, Украина Ресейге ештеңе де бермейді.
"Мәселе Украинаның келіссөз процесінен шығу немесе шықпауында емес. Бұл кезеңде нақтылық және мақсат айқын болуы керек. Егер нақтылық болса, саяси келіссөз жалғасады", – деп түсіндірді Подоляк.
Ал Зеленский өзінің тек Путинмен сөйлесуге дайын екенін айтқан.
Келіссөздер қалай жүрді?
Мәскеу және Киев арасындағы келіссөз ақпан айының соңында, Ресей әскері Украинаға басып кірген соң бірнеше күннен кейін-ақ басталған. Делегациялар бірінші рет 28 ақпанда Беларусь шекарасында кездескен. Ал наурыз айында екі ел өкілдері бірнеше рет кездесті. Мысалы, 10 наурызда Антальяда Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері Сергей Лавров және Дмитрий Кулеба жолыққан.
Соңғы келіссөз 29 наурызда Ыстамбұл қаласында өткен. Осы кезде Ресей делегациясын бастаған Владимир Мединский Украина тарапының бейбіт келісім орнату бойынша жазбаша ұсыныс бергенін айтты. Хатта Украинаның ядросыз және блоктан тыс мәртебе орнататыны айтылған, алайда мемлекеттің қауіпсіздігіне халықаралық деңгейде кепіл берілуі керек болған.
Кейін Ресей қорғаныс министрлігі Киев және Чернигов бағыттарында әскери белсенділікті біржола доғару туралы шешім қабылдады. Бұдан кейін екі тарап келіссөздердің қашықтан жалғасатынын айтты. Алайда көп ұзамай Мәскеу Ыстамбұлдағы келісімдерді Киевтің орындамағанын мәлімдеді.
Басылым мәліметінше, келіссөздердің әрі қарай жалғасын таппауына Бучадағы жаппай қырғын мен Ресейдің "Мәскеу" крейсерінің суға батуы әсер еткен. Сонымен қатар соғыстың әрі қарай жалғасуы майдан арқылы шешіледі. Ал келіссөздер Украина мен Ресей арасында жанжалдың қайталанбуы үшін негізгі ережелерді белгілейді.
Қазір Ресей Украинаның түрі аудандарына әуе соққысын жасауда. Ал соғыс қимылы елдің шығысында жүріп жатыр.
Украина бас штабының мәліметінше, соңғы апталарда Ресей Донбассқа шабуылды үдетуге тырысқан. Бұл уақытта Украина Харьков облысында кері шабуылға шыққан. Кейін Киев жеке әскери топтардың Ресеймен шекараға шыға алғанын хабарлады.
Ал Мариупольдегі "Азовсталь" зауытында украиналық сарбаздар екі айдан астам уақыт қорғанысты ұстап келген. Зеленский "Азовсталь" зауытындағы сарбаздар өлім құшса, келіссөз жалғаспайтынын айтқан.
17 мамыр күні екі тарап та зауыттан әскерилердің эвакуацияланғанын мәлімдеді. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр ауыр жарақат алған 53 сарбаздың Ресей бақылауындағы Новоазовскқа эвакуацияланғанын айтты. Ресей бұл сарбаздарды "әскери тұтқын" деп атаған.
Мәскеудің шағымдары
Путин Ресей-Украина арасындағы келіссөздерді екі рет өзге мемлекет басшыларымен талқылаған. Мысалы, бұл туралы 13 мамырда Германия канцлері Олаф Шольцпен талқылады.
Келесі күні Путин телефон арқылы Финляндия президенті Саули Ниинистемен сөйлесті. Кремль ұсынған баспасөз хабарламасына сәйкес, Путин “келіссөздерді Киевтің тоқтатқанын” айтқан. Әрі екіжақты келісімге қызығушылық танытпады деген.
Мәскеу екі ел делегациясы Ыстамбұлдағы келіссөзден кейін жарияланған келісімді мақұлдамайынша, Путин мен Зеленский кездесе алмайтынын алға тартты.
Ал Зеленский бастапқы уақыттан бастап Путинмен кездесуді талап еткен. Сөзінше, арадағы делдал арқылы ақпарат алмасу еш нәтиже бермейді.