"Маска таққан адам көміртегімен тыныстайды": Әлеуметтік желіде тараған жалған ақпарат елді дүрліктірді
Әлеуметтік желіде пандемияға қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады. Жазба авторларының мәліметінше, пандемия – жаһандық қастандық және маска таққан адам көміртегімен тыныстауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Конспирологияны жақтаушылар пандемияның жоспарланғанына дәлел ретінде белгісіз вирустың өршуіне бағытталған "Оқиға-201" оқу-жаттығуын келтірген. Бұл шара 2019 жылы өткен. Желі қолданушылары оқу-жаттығу шарасы мен пандемияның ұқсастығын айтуда. Шын мәнінде, "Оқиға-201" мен COVID-19 пандемиясында арасындағы ұқсастық – екі жағдайда да коронавирус қоздырғыш болады. Ал өзге бөліктері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, вирус Бразилияда анықталған. Ол әлдеқайда жұқпалы және өлім-жітім саны көп. Вирусқа қарсы вакцина халықтың 90% ауру жұқтырған сәтте ғана әзірленеді. Алайда мұндай жаттығу шаралары жиі ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, 2005 жылы трансатлантикалық биотеррористік шабуыл жайлы "Антлантикалық дауыл", 2001 жылы "Қараңғы қыс", 2018 жылы вакцинасы әлі әзірленбеген белгісіз вирус жайлы "Клэйд-ИКС" жаттығулары өткен.
"Маска таққан адам көміртегімен тыныстайды" деген теория ғылымға қарсы. Себебі адам оттегіні жұтып, көмірқышқыл газын шығарады. Бұл таза көміртек емес, бар болғаны оның диоксиді.
Көмірқышқыл газының молекула мөлшері 0,33 нанометр. Ал медициналық маска 5-15 микронға дейін болатын сілекей және қақырық бөлшектерімен таралатын вирусты ұстап қалады. Сол себепті көмірқышқыл газы маскада тұрып қалмайды.