"Қыздардың біреуі көліктен пышақ әкеліп берді": Прокурор Шерзаттың мерт болған ағасы Нұрқанаттың жауаптарын оқыды
видеодан скрин
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында бірнеше куәгер сөз сөйледі. Прокурор Шерзаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауаптарын оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрқанат Ғайыпбаев тірі кезінде оқиға жайлы айтып берген еді. Прокурор оның жауаптарын оқыды.
“15:00-де мал сойып, ет сататын орынға әкелдім. 19:00 шамасында Қаржаубай “қауын әкел” деп хабарласты. Мен Шерзатқа “үйге қайтайық” дедім. Ол дүкенді реттеп болғасын қайтатынын айтты. Мен көлікпен қайтып, 21:00-дерде шай-тамағымды ішіп, ұйқыға кеттім. 23:00-23:30 шамасында Гүлбарам жеңгем “Қаржаубай хабарласып жатыр” деп телефонды берді”, – деді ол.
Сөзінше, Нұрымов Шерзат біреумен төбелесіп қалғанын айтып, мәселені шешу үшін шақырған. Нұрқанат інісіне қоңырау шалып, не болғанын сұрапты. Осылай марқұм сол кезде әкесінің көлігімен дүкенге барады.
“Шапка киген Дархан Шерзатпен ерегесіп тұрды. Не болды десем, Қаржаубайға дөрекі сөйлеген екен. Шерзат “кетпейсіз бе, әкеме неге дөрекі сөйлейсіз” деді. Бірақ ол Шерзатты шешесінен тілдеген. Сосын Дарханға “Не керек, қалай шешеміз?” дедім. Сау күйде сөйлесейік деп сабырға шақырдым”, – делінген жауапта.
Мәлімдеуінше, Дархан Нұрболға хабарласқан. Нұрқанат оны таниды екен.
“Нұрбол “Гольф” көлігімен екі бала болып келді. “Хуторскиймін, мені танисың ба” деді. “Ертең сөйлесейік, не керек?” дедім. Нұрбол боқтап бастады. “Сендердікі дұрыс емес” деді”, – делінген Нұрқанат жауабында.
Сөйтсе Қаржаубай мен Дархан арасындағы келіспеушілік Дарханның жалған түбіртек көрсетуінен басталған, яғни төлем шотқа түспепті. Ал Дархан Telegram-нан өтірік түбіртек жасатты деп ойлаған.
“Нұрбол агрессия көрсетіп, бірақ “өзім төлеймін” деп ақысын төлеп тастады. Қол алысып, бәрі қайтады. Қаржаубай, Шерзат үшеуміз дүкенге кірдік. Бірақ Нұрболдар қайта келді”, – деді ол.
Сөзінше, Нұрбол мен Нұрымов дүкенге кіріп, ерегесіп тұрған. Ал Нұрқанат Дарханды басуға тырысты.
“Дарханға “Шерзатқа тиме, мені ұр” дедім. Ол келіспей, “бетімді жыртып тастады, мұрнымды сындырды” деді. Жүргізушіге “мыналарды алып қайт “дедім. Бір кезде Қаржаубай “мынаның қолында пышақ бар” деді. Сөйтсем Нұрболда пышақ бар екен. Мен оларға “ақша берейік, дастархан жасап берейік” деп мәселені шешкім келді”, – делінген марқұм жауабында.
Нұрбол “Чика, Нұрқиясты дүкенге шақырды” дейді. Жаман нәрсе боларын сезген Нұрқанат Шерзатқа үйге қайтсын деген.
“Шерзат көлікке мініп, кетіп қалды. Нұрбол “кешірім сұрадың ғой, жарайды” деп басылғандай болды. Алайда екі көлік келді. Чика менімен амандасты. Түрің таныс қой десем, “шалмын” деді. Дүкенге қарай келді де, “делайте жігіттер” деп айтты. осыдан кейін ерегіс басталды”, – деп оқыды прокурор Нұрқанаттың жауабын.
Мәлімдеуінше, дүкен бұрышында Нұрқияс Шерзаттың Ахмет деген досын ұрған. Ол талып қалған. Артынша Абзал оны көтеріп алды. Нұрқанат “Бала ғой, ұрма” деп, жігітке қашсын депті.
“Бірінші мені Нұрқияс ұрды, мен оның өзін ұрдым. Соққым көкірегіне тиді. Ал Қаржаубайды есіктен бір қыз жібермей тұрды. Бір кезде араға пышақ шықты. Көліктен бір қыз пышақ алып шығып, Нұрқиясқа әкеліп берді. Пышақты көріп, қорықтым да “қояйық” дедім. Нұрқияс маған пышақты екі рет сермеді. Артынша маған Абзал атылды. Бір кезде Шерзат атып шығып, Абзалды ұрады. Маған 10 шақты бала жабылды. Шерзат “қашайық” деді. Мен оған қашсын деп айттым”, – делінген.
Дүкеннен 10-15 метр жерде Шерзат отырып қалып, "Нұрқанат аға, маған бірдеңе тығып алды" деп айқайлаған. Ол Шерзатты құшақтаған кезде сол жақ арқасынан жарақат алғанын байқапты. Жараны алақанымен жапқан.
“Жедел жәрдем шақырайық” деп айқайладым. Шерзатты денеммен жаптым. Бірақ олар мені ұрды. Арамызды ашқысы келді. Абзал мен Нұрқияс маған пышақ сұқты. Жамбасыма тықты. Сосын басымнан тепті. Тағы біреу ұрған кезде Шерзатты жіберіп қалдым. Жеңгем оны денесімен жауып жатты. Есімді жинағанымда ауруханада болдым”, – делінген жауапта.
Ол есін жиған соң телефоны да ұрланғанын, әмияны жоғалғанын байқапты.
Нұрқанат ешқандай мылтығы болмағанын айтты. Жауабына сәйкес егер мылтық болса, Шерзатты қорғау үшін оларға мылтық атар еді. Нұрқанат Шыңғыстың қолынан да пышақ байқағанын жазды.
Еске салсақ, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта күдікті Дархан Әскентайдың сыныптасы куәлік беріп, күдіктіден бұрын-соңды бұрыс әрекет байқамағанын айтты.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
