Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында өткен марафон кезінде бір адам қайтыс болды

Велошеру бойынша сынға түскен 34 жастағы Саян Кеншімбаев аптап ыстыққа шыдай алмай, жарыс жолында қан қысымы көтеріліп есінен танып қалған. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізгенімен, қатысушы көз жұмған. Саянмен бірге сайысқа түскендер редакцияға келіп, марафон кезінде кемшіліктер аз болмады деп отыр.

1471504407

Фото: Lada.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Марафон 14 тамыз күні Маңғыстау ауданы әкімдігінің қолдауымен Шетпе ауылында бірінші рет өткізілген. Алайда, Шетпе ауылының 50 жылдығы және құрылысшылар күніне орай ұйымдастырған шара қайғымен аяқталды. «Каспий цемент» зауыты демеуші болған. Велошеруге қатысқан 30 адамға 40 градус ыстықта 50 шақырым жол жүру міндеттелген. Велосипедпен бес сағаттық жолды жүріп өткен Саян Кеншімбаев аптап ыстыққа шыдамай талып қалады. Жедел жәрдем оны аудандық ауруханаға апарған. Жағдайы тым ауыр болғандықтан, азаматты алты сағаттан кейін облыстық ауруханаға жеткізгенін куәгерлер айтады. Алайда азаматты аман алып қалу мүмкін болмаған. Дәрігерлер Саянның инсульттен қайтыс болғандығы туралы қорытынды шығарған.

«Мен марқұм Саянмен 10 жылдан бері доспын. Жарысқа бірге қатыстық. Ол велошеру бойынша, мен жүгіруден бақ сынадық. Жарыс кезінде Саян маған соңғы рет қоңырау шалды. Тынысы тарылып, ыстыққа шыдай алмай, көмек сұрады. Мен бірден ұйымдастырушыларға хабарладым.  Айтқым келетіні, марафонда қатысушыларға қауіп төндірген нәрсе көп болды. Жолдар ойық-ойық, кесірінен кейбірінің тіпті велосипедтері сынып қалды. Біз о баста бұл шараның күзде өткізілуін қалап, өтініш білдірген едік. Жергілікті әкімдік мерекеде өткіземіз деп ешкім тыңдаған жоқ», – дейді куәгер Ержан Тасмағамбетов.

«Мен де Саянмен бірге жарыста болдым. Ол менен сәл алда келе жатты. Бір кезде өзін нашар сезініп бастады, бірақ біздерге білдірткісі келмеді. Жағдайын сұрадым. Жақсымын деген еді. Жарыс болған соң шаршаған шығар деп ойлап кете бердім. Енді Саян жоқ дегенге сенбей тұрмын», – дейді куәгер Мәлік Нұсанов.

34 жастағы Саян Кеншімбаев Қызылорда өңірінің тумасы. Ақтаудағы компанияда жұмыс істеген. Артында 4 баласы қалды. Ол өзінің туған жерінде жерленді. Енді туыстары, достары мен куәгерлер ішкі істер министрлігінің тексеріс жасап, кінәлі азаматтарды жазаға тартуын талап етпек. Ал, ұйымдастырушылар осы мәселе бойынша тек ертең жауап беруі мүмкін.

 

Талқылау