Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауға жұмыс сапарымен барған Тоқаев әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Мемлекет басшысы бірқатар нысанның қызметімен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Жұмыс сапары кезінде президент Ақтаудағы көтерме сауда-тарату орталығын аралап көрді. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген.

“Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Қазір өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Ақорда.

Сондай-ақ Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен танысты. 

Президентке технопарктің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған. Онда студенттер мен жас мамандар электроника, роботты техника, лазермен кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік дағдыларын меңгереді.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды.

Президент Маңғыстау өңіріндегі көлік-логистика инфрақұрылымының даму барысымен танысты. 

“Аталған нысандағы көпмақсатты заманауи терминал Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу мен түсіру қызметін ұсынады. Порттың халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы ұлттық және өңірлік логистиканы нығайтудағы айрықша стратегиялық мәнін көрсетеді”, – деп жазды Ақорда.

Сондай-ақ көлік министрі Марат Қарабаев өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты.

“Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 миллион тоннаны құраған. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ақтауда контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл жоба порттың жүк өткізу қабілетін 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады”, – делінген хабарламада.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі курорты аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады. Кендірліні Алматы және Астана қалаларымен жалғайтын тұрақты әуе рейстерін ашу жоспарланған.

“Бұдан бөлек, Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл секілді ауқымды жол құрылысы жобаларын жүзеге асыру көзделген. Соның нәтижесінде басты бағыттардағы логистиканы оңтайландырып, транзит және экспорт жүктерін тасымалдау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, Астанадан Ақтауға дейінгі жол 800 шақырымға, ал Қорғастан Ақтауға дейінгі арақашықтық 900 шақырымға қысқарады”, – деп жазды Ақорда.

Тоқаев Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Президенттің айтуынша, Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жолында Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.

Талқылау