Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы 17 жастағы жасөспірімнің өлімі: Сот үкім шығарды

Сағындық Құрманияздың өлімі

Фото: Lada.kz

Маңғыстау аудандық сотында Ақжігіт ауылында кәмелетке толмаған Сағындық Құрманияздың өліміне қатысты сот айыпталушыға үкім шығарды. Алайда жәбірленуші тарап сот шешіміне қанағаттанбағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасөспірімнің өліміне кінәлі деп танылған айыпталушыға сот үкімі шыққанын Маңғыстау облысының заң консультанттары палатасының мүшесі Ажар Әбділ мәлімдеді.

“Сот айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді”, – деді Ажар Әбділ.

Заңгердің айтуынша, жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспейді. Себебі олар қылмысқа қатысы бар, топтағы адамдардың барлығы жазаланғанын қалайды. Ажар Әбділ үкімді алғаннан кейін жәбірленуші жақ Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Олар қылмысты бір адамның жасамағанына сенімді.

Сағындықтың өлімінен кейін көп ұзамай ауыл тұрғындары мектеп оқушыларын қорқытып, ақша бопсалап, аулаларында жұмыстарын істеткен ұйымдасқан топтың бар екенін хабарлаған. Туыстарының айтуынша, Сағындық солардың әрекетінің құрбаны болған.

Жиырмадан астам отбасы бопсалау деректерін тексеруді талап етіп, полицияға шағым түсірген. Алайда прокуратура мұндай фактілердің жоқ екенін анықтаған.

Марқұм Сағындық Құрманияздың туыстары бұл істі топ болып жасалған қылмыс ретінде саралауды, осылайша қылмысқа қатысы бар барлық адамдарды жазалауды талап еткен. Іс сотқа түскен соң, жәбірленуші тарап істі қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш жасаған, бірақ сот оны қанағаттандырмаған.


Алматыда жасөспірім қыздардың қатарласын жабылып ұрған видеосы тарады


Алматыда 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның ісі Антикорға өткен: Күдіктілер әлі ұсталмаған


“Біздің ойымызша, тергеу осы ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесіне құқықтық баға беруге тиіс еді. Атап айтқанда, кім ұйымдастырушы, кім орындаушы және тағысын тағы. Соны анықтау керек еді. Кем дегенде 4 адам болуы керек. Жәбірленушілер сондай-ақ қорқыту, бопсалау, мәжбүрлі түрде еңбекке жегу сияқты өзге де фактілерге тергеу тарапынан тиісті баға берілмегенімен келіспейді”, – деді Ажар Әбділ.

Еске салайық, бұған дейін 8 сәуірде Маңғыстау облысында 17 жастағы жасөспірім көз жұмғаны жазылды. Маңғыстау облысы Ақжігіт ауылының тұрғындары Бейнеу аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Еркебұлан Ізкеновке ашық хат жазған еді. Үндеуге 24 отбасы қол қойған. Олардың барлығы ауылдағы кез келген оқушының басында осындай жағдай болуы мүмкін деп алаңдайды.

Айым Болатқызы
Жұма, 15 Тамыз, 2025 08:27
Талқылау